ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұйымдастыруымен елімізде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне бағытталған «Парыз» республикалық байқауына өтінімдер қабылдау басталды. Аталған байқау биыл «Парыз–2025» атауымен жалғасып отыр.
«Парыз» байқауы – тек табыс табуды ғана емес, сонымен қатар қоғам игілігі үшін нақты іс-шаралар атқарып жүрген әлеуметтік жауапты кәсіпкерлерді анықтап, оларды ынталандыруды мақсат етеді. Бұл байқау еліміздегі шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік бастамаларын қолдау мен ілгерілетуге бағытталған маңызды жоба болып табылады.
Бәйдібек ауданы – соңғы жылдары кәсіпкерлік саласында айтарлықтай ілгерілеу байқалып отырған өңірлердің бірі. Ауданымызда ауыл шаруашылығы, сауда, қызмет көрсету және құрылыс салаларында белсенді жұмыс атқарып жүрген көптеген кәсіпкерлер бар. Олардың бірқатары әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға көмек көрсетіп, қайырымдылық шараларына атсалысып келеді. Ендігі мақсат – осы белсенді кәсіпкерлердің еңбегін ел көлемінде таныту.
Байқау келесі бес негізгі номинация бойынша өткізіледі:
— «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» – халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсеткен, жұмыс орындарын ашқан, қайырымдылық шараларын тұрақты ұйымдастыратын кәсіпкерлер үшін;
— «Еңбек қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» – өндірісте еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үздік нәтижелерге қол жеткізген кәсіпорындарға;
— «Үздік ұжымдық шарт» – еңбек қатынастарын тиімді реттеп, қызметкерлердің әлеуметтік құқықтарын қорғауды мақсат еткен кәсіпкерлерге;
— «Экологияға қосқан үлесі үшін» – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаларды іске асырған кәсіпорындарға;
— «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» – әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырған бизнес құрылымдарға арналған.
Байқау екі кезеңде өтеді:
Бірінші кезең – өңірлік деңгейде, яғни Түркістан облысы көлемінде өтеді. Осы кезеңде ең үздік деп танылған кәсіпкерлер облыс атынан екінші – республикалық кезеңге жолдама алады.
Финалдық кезеңнің қорытындысы бойынша жеңімпаздар жыл соңында Астана қаласында өтетін арнайы марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысының қатысуымен марапатталады.
Конкурсқа қатысу – тегін. Бұл – барлық кәсіпкер үшін ашық, тең мүмкіндіктерге ие алаң. Шарттары қарапайым: кез келген кәсіпкер өз бизнесіндегі әлеуметтік бағыттағы бастамаларын, жобаларын қағаз немесе электронды түрде рәсімдеп, аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тапсыруы қажет.
Өтінімдер 2025 жылдың 15 шілдесіне дейін қабылданады.
Бәйдібек ауданының кәсіпкерлері мен іскер азаматтары!
Егер сіз:
— әлеуметтік тұрғыдан әлсіз отбасыларға көмек көрсетіп жүрсеңіз;
— экология, еңбек қауіпсіздігі, ұжымдық келісімдер бойынша тың жобалар енгізсеңіз;
— өңірдің әлеуметтік дамуына үлес қосып жатсаңыз – бұл байқауға қатысу сіз үшін үлкен мүмкіндік.
«Парыз-2025» – бұл тек марапат қана емес, сонымен қатар ел алдында сіздің игі ісіңізді танытатын абыройлы алаң.
Бәйдібектен шығып, республикалық деңгейде жеңіске жеткен кәсіпкерлердің қатары көбейе түссін!
Қосымша ақпаратты Бәйдібек ауданы әкімдігі жанындағы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен алуға болады.
Байқауға қатысып, қоғам игілігі үшін жасалып жатқан істеріңізді елге паш етіңіздер!