Оқу жылының аяқталуына орай, «Халықаралық балаларды қорғау күні» және «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» қарсаңында шымкенттік полицейлер тағы да студенттермен кездесіп, оларға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары және нашақорлықтан аулақ болудың маңыздылығы туралы ескертті.
Полицейлермен бірге аталған іс-шараға «Психикалық денсаулық орталығының» нарколог-дәрігері, «Жастар ресурстық орталығының» маманы қатысты.
Бұл жолы олар «Шымкент медресе колледжіне» барып, нашақорлықтың, психикалық белсенді заттарды қолданудың алдын алу мақсатында студенттермен арнайы кездесу өткізді.
Шымкент қаласының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков жастарға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, жаңа психоавтивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап көрсетті.
Мамандардың айтуынша, есірткінің уақыт озған сайын жаңа түрі пайда болып жатқан көрінеді. Тіпті, дүниежүзінде мыңнан астам есірткі түрі ресми тіркелген екен. Қазақстанда шамамен соның 700-ге жуық түрі немесе аналогтары бар. Бүгінде бақылаудағы психикалық белсенді заттардың тізіміне 89 синтетикалық есірткі түрі енгізіліп отыр. Бұл кеселдің адам психологиясына санаулы секундта өте қатты әсер ететінін неврология ғылымы баяғыда-ақ дәлелдеп берген. Полиция есірткінің бұл түрімен күресудің қиындығын айтып отыр. Ал сарапшылар әлем бойынша аптасына синтетикалық есірткінің 10 жаңа түрі шығарылатынын алға тартуда.
Біздің елде 2015 жылдан бастап «синтетикалық есірткінің» жаппай таралуы байқалған көрінеді. 2019 жылы Қазақстанда шамамен 11 келі синтетика тәркіленсе, 2020 жылы 100 келі болған. 2021 жылы 160 келі есірткі тәркіленсе, өткен 2023 жылы құқық қорғау органдары 168 келі 494 грамм мефедрон мен альфа-PvP тәркілеген. ІІМ деректеріне сәйкес, бүгінде Қазақстанда ең көп таралған есірткі түрі – «синтетика» екен.
Алғашында Қазақстанға темекі қоспалары бар «спайс» деген түрі келген. Уақыт өте түтіні жоқ темекі деген түр – «снюс» құпия саудаланған. Кейіннен есірткі әлемін «кристалл», «жылдамдық», «ваннаға арналған тұз» деген түрлі атау жамылған синтетикалық заттар тез жаулап алды. Ең сорақысы, бұл дерттің тырнағына ең бірінші болып жаны жаңалыққа құмар жастар ілігіп жатыр.
Сонымен қатар, интернет-дүкендердің әкімшісі болу және есірткі жасыруға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленгені туралы ескертті.
Іс-шара соңында студенттер көкейлеріндегі жүрген сұрақтарын қойып, кеңінен жауап алып, өзара еркін пікір алмасты.