Отанға, туған жерге, елге деген сүйіспеншілік мыңдаған қазақстандықтардың тұла бойынан жалындап тұрды. Бүгінгі ардагер – кешегі жауынгер. Ол кезде небәрі 19-20 жастағы азаматтар ата-бабасының батылдығын, батырлығын, ержүректігін бойына сіңіріп өскен қазақ жауынгерлері, батыр ағаларымыз, жастығына қарамай бір қиырда жан алысып, жан берісіп, кескілескен ұрыстарға қатысып, керемет ерліктер жасады.
9 мамыр – Жеңіс күні арналған шара өтіп, алдымен Кеңес Одағының батырлары Сейітқасым Әшіров пен Темірбек Ибрагимовтердің және майданда ерлік көрсеткен отырарлықтардың есімі жазылған тақтаға гүл шоқтарын қойды.
Гүл қою рәсімінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжанов, аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Мұхтар Әуезұлы, Отырар ауданының Құрметті азаматы Мырзахмет Темірбековтер арнайы қатысты.
Шарада Жансұлтан Әділжанұлы сөз сөйлеп, Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі жолында теңдессіз ерліктер жасап, табандылық көрсеткен даңқты жауынгерлердің ерен еңбектері ғасырлар бойы жасай беретінін жеткізді. «Алдыңғы толқын ағаларымыздың Жеңісі бүгінгі бізді жетістіктерге жігерлендіріп, жанымызға қуат беріп, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға жетелеп келеді. Біздің парызымыз — бұл алапат соғыстағы Жеңістің бізге қалай келгендігін ұғыну, қаза тапқандарды қадір тұту. Бүгінгі буын «Жеңіс солдаттары» алдында мәңгілік қарыздар» деп, даңқты сарбаздардың ерлік жолын насихаттады.