Қазақтың салт-дәстүрлерін сыйлаған қазақ әйелдері отбасының шырқын бұзбай, қиындықтарға төзе біліп, қыз балаларды отбасының берекесін сақтайтын кішіпейіл етіп тәрбиелеген. «Ананың ізін қыз басар, атаның ізін ұл басар» деген мақал осының айғағы. Ана тәрбиесінің өзегі балаларға үлгі болу, отбасында жағымды моральдық климатты, қарым-қатынастарды қалыптастыру. Қазақ халқының дүние танымдық көзқарасы тәрбие процесінде айғайлап балағаттауға, ұрып тәрбиелеуге, ауыр денелік жазалауды бала тәрбиесінде қолдануға мүмкіндік бермеген. Сондықтан болар, дәстүрлі тәрбие сыйластыққа, мейірімділікке негізделіп, балалардың аналарына шексіз сенуімен, өте жақын болуымен сипатталды. Әлеуметтану тұрғысынан алып қарағанда, отбасылық әлеуметтану – бұл баланың мінез-құлығын отбасында қабылданған дәстүрге сай мінез-құлық үлгілерінің, талаптарының негізінде дамыту. Осыған сәйкес тәрбие процесінде балалар мен ата-аналар қарым-қатынасының тәжірибесі ерекше рөл атқарады. Отбасында адамгершілік-этикалық, діни, еңбектік тәрбиенің негіздері қаланады. Балалар жеткілікті деңгейде тәжірибелері де жоқ, ересектерге тәуелді қоғамның әлсіз деңгейде бейімделген және аз қорғалған топтарының қатарына жатады. Психикалық құрылымы тұрғысынан толық қалыптасып үлгірмегендіктен олар түрлі әсерге, тіпті келеңсіз жағдайларға да тез ұшырайды. Жаһандану жағдайында қоғамның моральдық негіздерінің әлсіреуі, отбасылық қарым-қатынастардың, ұрпақ аралық қатынастардың, ұлттық, мәдени құндылықтардың дағдарысқа ұшырауы – міне осының барлығы бала тәрбиесіне жаңаша тұрғыдан қарауда қазақ ойшылдарының рухани мұраларына мән беруді талап етеді. Атап айтатын болсақ, Ы.Алтынсарин қазақ қоғамында қалыптасқан салт-дәстүрлердің ұлттық мінез-құлық үлгілерін қалыптастырудағы әсеріне ерекше мән берген еді. Соның ішінде отбасындағы құда болу, үйлену тәртіптерін мұқият талдап, қазақ қоғамын нығайту үшін көптеген әдет-ғұрыптардың маңызды екендігін көрсетті. Ғалымдар арасында дәстүрлі қоғамдарға қатысты екі түрлі көзқарас орын алады. Бірі оларды артта қалғандықтың белгісі десе, енді бірі қайталанбас өзіндік ерекшеліктің, өз тарихын бағалау мен сыйлаудың көрінісі ретінде сипаттайды. Біздің ойымызша, қоғам қаншалықты өзгерсе де оның моральдық негіздерін сақтап қалатын ұлттық құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде беріліп отыруы тиіс. Дәстүрлілік артта қалғандық емес, өткен ұрпақтардың тәжірибесін ескеру, әрбір жаңа өзгерістерді соған сәйкес бейімдеп отыру. Өйткені ұрпақ аралық сабақтастық қоғамдағы көптеген келеңсіз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта отбасында ажырасудың көбеюі, жартылай отбасылар санының өсуі дәстүрді бағаламаудың салдарынан да болып отыр.
R-ақпарат