Түркістан облысының полиция қызметкерлері облыс көлемінде интернет-алаяқтық қылмыстарын болдырмау және алдын алу бойынша жүйелі іс-шаралар атқарады.
Интернеттегі алаяқтардың мақсаты – заңсыз жолмен басқалардың ақшасы мен мүлкін ұрлау. Алаяқтықтың бұл түрі Интернет қызметтерін немесе оған қосылған бағдарламаларды пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Интернет-алаяқтардың жымысқы әрекетінен әлемде қаншама адам қаржылық шығынға батып жатыр. Оған тосқауыл жоқ, десе де одан қорғанудың жолдары бар. Интернет-алаяқтық материалдық шығыннан бөлек моральдық шығынға да ұшыратады. Бұл алаяқтың кәсіби деңгейі мен тәжірибесіне байланысты.
Сіз кез келген уақытта қандай да бір жолмен онлайн-алаяқтықтың құрбанына айналып кетуіңіз мүмкін. Сол себепті, барынша абай болу керек және жеке деректердің қауіпсіздігін бақылап отырған жөн.
Алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа бір сипаты – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, яғни интернет алаяқтық болып отыр.
Яғни бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап, мүлкін жымқыру секілді жымысқы әрекеттерге барады. Бүгінде интернет алаяқтықтың ауқымы кеңейіп, әртүрлі интернет ресурстары мен әлеуметтік желілерді пайдалана отырып алаяқтардың арбауына түскен алданушылар саны күн санап өсуде.
Интернет алаяқтар қазір елдің ақшасын интернет-мессенджерлер арқылы үптеп кетуге тырысады. Қаржы жобаларын ұсынып, өзін брокермін деп таныстыратын алаяқтар да қаптап кеткен. Қазіргі кезде инвестициялық жобаларға қатысты алаяқтық жиілеген. Азаматтар жинаған ақшаларын қаржы жобаларына саламыз деп сан соғып жатады. Одан өзге әлі алмаған тауарына немесе қызметке ақша жіберіп, алданып жатады…