Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сайрам ауданына жұмыс сапарымен барып, халықпен кездесті. Жеке қабылдау өткізіп, елдің мұң-мұқтажын, өтініштерін тыңдады. Кездесу ашық форматта өтіп, елмен шынайы диалог жүргізілді. Тек Сайрам ауданы ғана емес, өзге аймақтан келіп, сұрақ қойғандар да болды. Облыс әкімі ауданның әлеуеті жоғары екенін айта келе, жүйелі жұмыс жалғасатынын жеткізді.
– Бүгін Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, ежелден өркениет пен сауданың алтын қақпасы саналған Сайрам жерінде сіздермен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмын. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты тапсырмалар берген болатын. Осы ретте Сайрам ауданында іске асырылып жатқан мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға қысқаша тоқталып өтейін. Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Сайрам ауданында 2024 жылы 21 елді мекенде құны 2 млрд. теңгені құрайтын 16 жоба іске асырылды. Оның ішінде 12 жоба жол саласына бағытталып, 6 ауылдық округтегі 59 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қарасу елді мекенінде электр желілерінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға тапсырылды. Жібек жолы елді мекенінің ауыз су желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп ел игілігіне берілді. Ақсу елді мекеніндегі Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 11 пайызға өсті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 20 560-қа жеткен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 9,3 пайызға өсіп, 58,4 млрд. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 23,8 пайызға ұлғайды. Сайрамда өндірісті, ауыл шаруашылығын дамыту мүмкіндігі өте жоғары. Жұмыс жалғасады, – деді Нұралхан Көшеров.
Аудан әкімі Арман Сәбитовтың есебінен кейін тұрғындардың өтініштері тыңдалды. Өзекті мәселелер көтеріліп, өткір сұрақтар қойылды. Кездесуге қатысамын, мәселе көтеремін дейтін тұрғындарға шектеу болған жоқ.
Одан кейін облыс әкімі жеке қабылдау өткізді. Тұрғындар инфрақұрылым, жер, әлеуметтік мәселелерді көтерді. Басқа да түйткілдер тарқатылды. Нұралхан Көшеров әрбір өтініш хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүретінін жеткізді.
Айта кетейік, өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің облыс тұрғындарымен кездесулері барлық аудан, қалада жалғасады. Жеке қабылдауға «еOtinish» бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.