Бүгінгі таңда есірткі қылмысы мен нашақорлық мәселесі өте өзекті. Аталған дерттің алдын алу үшін құқық қорғау органдарына тапсырмалар жүктелген.
Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлерімен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша арнайы профилактикалық дәрістер мен сабақтар ұдайы түрде өткізіледі.
Осы орайда №98 жалпы білім беретін мектептің оқушылары есірткі мен нашақорлыққа өз қарсылықтарын білдірді.
Нашақорлық – әлемді алаңдатып отырған өзекті мәселенің бірі. Есті алатын есірткі заттарына тәуелділік талай жанның тағдырын талқан еткенін тәжірибеден көріп, біліп жүрміз. Өкініштісі, нашаға әуестенген бір адамның зауалы бүкіл отбасына, жақындарына теріс әсер етеді.
Есірткі заттарын әуелі қызығушылық үшін қолданатындар көп. Бұған ғаламтордағы ақпараттың ашықтығы, топтық психология, еліктеушіліктің ықпалы орасан зор. Білместікпен, әрі «дәмін көрейін» деген әуестікпен жаңа дүниені тұтынғандардың тәуелділікке бірте-бірте таңылуы оп-оңай. Алайда, олар бұл қызығушылықтың салдарын ойлай бермейді. Шындығында есірткіні үнемі, тұрақты түрде қолдану көп қаржыны қажет етеді. Қолында қаражаты жоқтардың алдымен өз отбасындағы жарамды, құнды заттарды саудалап, кейіннен қылмысқа баруы жиі кездеседі. Яғни, бір қылмыс екінші қылмысты тудырады.
Қылмыстық кодексте есірткі заттарын қолданып, сатып, тасымалдаушыларға жаза ауыр. Бірақ солай екен деп есірткіден бас тартып жатқандар көп дей алмаймыз. Есірткі заттарын тасымалдап, жеткізіп берген жастар «ешкімге зиянымыз жоқ, нашақорлар бәрібір өзіне керегін тауып алады, ендеше неге жазалануымыз керек» деп қате ойлайды. Жалпы, заңды білмеу жазадан құтқармайды.
Осыған орай, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде нашаны тұтынудың ғана емес, есірткі заттарын тасымалдап, сатып, сақтаудың да соңы жауаптылыққа соқтыратынын үнемі түсіндіріп, ескертіп отыру маңызды.