• Вт. Апр 1st, 2025
Популярные метки

НАУРЫЗ, НАУРЫЗ АЛТЫ АЛАШҚА ҚОШ КЕЛДІҢ!

Автор:admin

Мар 30, 2025
Spread the love

Шымкент қаласы Еңбекші ауданына қарасты Бадам-1, Бадам-2 тұрғын алаптарының халқы Наурыз мерекесін қасиетті Ораза айтпен бірге атап өтті. Көктем мен жаңару мейрамы ауыл сыртында, қазақы дәстүрге сай ұйымдастырылып, ұлттық рухқа толы ерекше шара болды.

Мерекеге 6 мыңнан астам адам жиналып, 30-ға жуық киіз үй тігілді. Тұрғындар ғана емес, қала қонақтары, ауылдың үлкендері мен аудан билігі де осы думанды тойға ортақтасып, салтанатты жиынға куә болды. Шараны ұйымдастырған – ауылдың 1991-1992 жылы туған жастары. Бұл бастама ауылдастардың ынтымағы мен ауызбіршілігін айшықтап, қазақы дәстүрдің жаңғыруына үлес қосты.

Мерекелік шарада Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Есілбек Досбол сөз сөйлеп, Наурыз – тек табиғаттың ғана емес, адамзаттың да жаңаруын білдіретін мейрам екенін, сондай-ақ осындай ұйымшылдық арқылы ұрпақ сабақтастығы нығаятынын айтты.

– Бізден кейінгі жастар бізге қарап бой түзейді. Ұлыстың ұлы күнінде үлкендеріміз батасын беріп, жастарымыз ынтымақ танытып жатса, бұл – елдіктің белгісі. Алдағы уақытта Наурыз мейрамы өзге де елді мекендерде жалғасын табады, – деді ол.

Ауылдың Наурызы жылдағыдан ерекше өтті. Киіз үйлер тігіліп, ошақта қазан көтерілді. Келушілер наурыз көже мен ұлттық тағамдардан дәм татты. Ат шаптырып, балуандар белдесіп, балалар асық атып, алтыбақан тепті. Бұл күн – нағыз қазақ ауылындағы шынайы мерекенің көрінісі болды.

Сахна төрінде мектеп оқушыларынан бөлек, елімізге танымал өнер жұлдыздары ән-жырдан шашу шашты. Жұртшылық ұлттық би билеп, Наурыздың шат-шадыман көңіл күйін сезінді.

Мереке күн батқанша жалғаспақ. Бадам ауылының бұл Наурызы – тек бір күндік той емес, бірлігі жарасқан елдің, тамыры терең салт-дәстүрдің символы деп білеміз.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика