30 мамыр сағат 10:00 бастап Otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында 2-10-20, 5-10-20 ипотекалық бағыттары бойынша өтінімдер брондау арқылы қабылданады. Бағдарламаларға тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар санаттарына қарай қатыса алады.
Тұрғын үйлер Нұрсәт мөлтек ауданындағы Арғынбеков көшесінде, сондай-ақ Тұран шағын ауданында орналасқан. Қатысушыларды іріктеу есепке қою күні бойынша жүзеге асырылады. Есепке қою күні сәйкес келген кезде қатысуға өтініш беру күні мен уақыты бойынша қаралады.
2-10-20 бағыты шеңберінде тұрғын үйді бөлу кезінде 2% бойынша қарыздар саны төмендегі санаттар арасында тепе-тең бөлінеді:
— I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар;
— мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
— көпбалалы отбасылар;
— жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.
Бұл ретте мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар тұлғаларға тұрғын үйді бөлу кезінде олардың төменгі қабаттардан алу өтініштерін ескере отырып, басқа санаттағы кезекте тұрғандар алдында басымдық белгіленеді.
5-10-20 бағыты шеңбері бойынша тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға тұрғын үйді бөлу есепке қою күнін ескере отырып, жүзеге асырылады.
Іріктеу кезеңі: брондау кезеңі аяқталған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінде жүзеге асырылады.
Маңызды тұс! Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдар мәртебесі бар «І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар» санатындағы салымшылардан өтініш берген кезде ҚР Азаматтық Кодексінің 159-бабының негізінде банктік қарыз шарттарын жасасу (толық сатып алуды қоспағанда) мүмкін емес.
Толық ақпаратты Otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталынан алуға, қосымша сұрақтар туындаған жағдайда 300 нөміріне хабарласуға болады.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі