Бүгінгі қоғамда жастар – мемлекеттің стратегиялық ресурсы. Ел болашағының берік іргетасы саналатын жас ұрпақтың сапалы білім алып, тұрақты жұмыспен қамтылуы, өз кәсібін ашуы мен тұрғын үймен қамтамасыз етілуі – мемлекет дамуының басты кепілі. Осы бағыттағы қолдау шараларын кеңінен насихаттау мақсатында Түркістан қаласында маңызды іс-шара ұйымдастырылды.
Түркістан қалалық Жастар ресурстық орталығының мамандары тұрғындар жиі жиналатын қоғамдық орындарда – саябақтар, базарлар, сауда орталықтары және көше бойларында “Мемлекеттік бағдарламалар” тақырыбында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында арнайы әзірленген жадынамалар таратылып, әрбір азаматпен жеке әңгімелесу арқылы мемлекеттік қолдау тетіктері кеңінен таныстырылды.
Шараның негізгі мақсаты – жастар мен қала тұрғындарын мемлекет ұсынып отырған әлеуметтік және экономикалық бағдарламалармен жан-жақты таныстыру, олардың осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануына ықпал ету.
Жадынамаларда төмендегі бағыттар қамтылды:
— Жұмыспен қамту – “Жастар тәжірибесі”, “Алғашқы жұмыс орны”, “Ұрпақтар келісімі” сияқты бағдарламалар арқылы жаңа түлектерге жұмыс табуға көмектесу, бос жұмыс орындарына бағыттау;
— Тұрғын үймен қамтамасыз ету – “Бақытты отбасы”, “Шаңырақ” секілді жеңілдетілген ипотекалық несиелер мен жалдамалы пәтерлерге қол жеткізу жолдары;
— Білім беру – техникалық және кәсіптік білім гранттары, “Серпін” бағдарламасы, шетелдік оқу мүмкіндіктері мен қайта даярлау курстары;
— Кәсіпкерлікке қолдау – “Бастау Бизнес”, “Жас кәсіпкер”, “Ауыл аманаты” бағдарламалары аясында жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға гранттар мен жеңілдетілген несиелер ұсынылуы.
Жастар бұл іс-шара барысында өздеріне қажетті ақпаратты тікелей мамандардан алып, өз болашағына қатысты нақты шешім қабылдауға бағыт алды. Жұмыс іздеп жүрген түлектер үшін бұл — жаңа мүмкіндіктермен танысып, қажетті құжаттар мен талаптар туралы нақты мәлімет алуға тамаша мүмкіндік болды.
Шараға қатысқан тұрғындар мен жастар ақпараттық материалдардың түсінікті әрі пайдалы екенін атап өтіп, мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылса деген тілектерін білдірді. Жастар ресурстық орталығының мамандары болашақта бұл бағыттағы жұмыстарды кеңейтіп, шалғай аудандар мен ауылдық елді мекендерде де ақпараттық кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.
Мұндай бастамалар жастар арасында белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырып қана қоймай, оларды қоғам өміріне араласуға, өз мүмкіндіктерін толық іске асыруға жетелейді. Мемлекет пен жастар арасындағы байланысты нығайтудың тиімді тетігі ретінде бұл жұмыстар жалғасын таба бермек.
