Бүгінгі қоғамның қозғаушы күші – белсенді жастар. Ел ертеңін айқындайтын осы ұрпақтың дамуына мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар аз емес. Түркістан қаласында бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Соның бір нақты мысалы ретінде Жастар ресурстық орталығы мамандарының ұйымдастыруымен өткен ақпараттық түсіндіру шарасын айтуға болады.
Қоғамдық орындарда – халық көп шоғырланатын саябақтарда, сауда орындарында, көше бойларында орталық мамандары арнайы дайындалған “Мемлекеттік бағдарламалар” тақырыбындағы ақпараттық жадынамаларды тұрғындарға таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шараның негізгі мақсаты – жастар мен қала тұрғындарын мемлекет тарапынан ұсынылатын мүмкіндіктер жайында кеңінен ақпараттандыру, олардың осы бағдарламаларға қатысу белсенділігін арттыру.
Жадынамаларда төмендегі бағыттар қамтылды:
— Жұмыспен қамту: жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы, “Жастар кадрлық резерві” және мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік сектордағы бос жұмыс орындары жөнінде нақты мәліметтер ұсынылды;
— Тұрғын үймен қамтамасыз ету: “Бақытты отбасы”, “Шаңырақ”, “Отбасы банк” жүйесі арқылы жастарға арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар мен жалдамалы пәтерлерге құжат тапсыру тәртібі түсіндірілді;
— Білім саласы: мемлекеттік гранттар, шетелде оқу мүмкіндіктері, қысқа мерзімді курстар, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша ақпарат берілді;
— Кәсіпкерлікке қолдау: “Жас кәсіпкер”, “Бастау Бизнес”, “Бизнестің жол картасы – 2025” және “Ауыл аманаты” сияқты мемлекеттік жобалар арқылы гранттар мен төмен пайызбен берілетін несиелер жайында кеңінен мағлұмат ұсынылды.
Бұл ақпараттық-насихат жұмысы – тек жадынама тарату ғана емес, тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, сұрақтарға жауап беру, нақты бағыт-бағдар беру арқылы жастардың өмірлік мүмкіндіктерін кеңейтудің тиімді құралы.
Жастар ресурстық орталығы өкілдерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып отырады және нәтижесі де көңіл қуантады. Жастар арасындағы құқықтық сауаттылық пен әлеуметтік белсенділікті арттыру – орталықтың басты міндеттерінің бірі.
Жалпы алғанда, мемлекеттік бағдарламалардың аясында берілетін қолдаулар – жастардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, оларды кәсіпкерлікке, білімге, өз болашағына жауапкершілікпен қарауға жетелейді. Бұл – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдағы тұрақтылық пен ынтымаққа негіз болатын маңызды фактор.
Түркістандық жастардың осындай шараларға қызығушылық танытуы – олардың ел болашағына бейжай қарамайтынын, өзін қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезінетінін көрсетеді. Ендеше, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, мемлекет пен жастар арасындағы байланысты одан әрі нығайтатынына сенім мол.
