Бүгін Шымкент қалалық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі Д. Байсерікова Медицина академиясының студенттерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында жастарға этномедиацияны дамыту, жанжалдардың алдын алу профилактикасы мен жанжалдан кейінгі белсенді реттеулер тақырыбында кеңінен түсіндіріліп, пікірлер алмасылды.
Қалалық Ассамблеяға топтасқан 17 этномәдени бірлестік берекелі бірлікке негізделген игі бастамаларға атсалысып, қоғамдық келісімді сақтап, ұлт бірлігін дәріптеуге үлес қосып жүр. Халық даналығында «Бірлік түбі – береке» деген аталы сөз бар, қаламыздағы этнос өкілдері жинақы қоныстанған 23 тұрғын алабта түсініспеушілік туындап жатса, қоғам мүшелеріне құқық тәртіп пен заң талаптарын түсіндіру сияқты жұмыстарды ширатуымыз керек. Осы бағытта биыл қалалық Ассамблея жанындағы ақпараттық-насихаттық топтың құрамына енген медиаторлар тұрғын алабтарда өткен кездесулерге қатысып, жұртшылық арасында түсіндіру жүргізді. Этнос өкілдері арасында орын алған кейбір жағдайлар бойынша тараптарға ортақ мәмілеге келу бағытында жұмыстар атқарылды. Медиацияның мәні ескеріліп, қалалық Ассамблея жанындағы медиация кеңесі медиацияны мемлекеттік қызметтер бағытында ілгерілету бағытында 9 басқармамен өзара ынтымақтастық туралы меморандум түзді. Аталған жұмыстардың тиімділігі баршылық. Биыл этнос өкілдері арасында орын алған түсініспеушіліктердің 11-і медиация көмегімен реттелді. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы 31-сессиясында Ассамблея қызметінің негізін құраушы 3 негізгі бастама айқындалды. Олар – құқық қорғау қызметтерін күшейту, этномедиацияны дамыту және оны кеңінен қолданысқа енгізу.
Медиация жұмыс істей бастаған сәттен-ақ қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға үлес қосып келеді. Этносаралық келісімді нығайту мен елде жүріп жатқан саяси реформалар өзара бір-бірімен байланысты процестер екені белгілі. Қазіргі таңда біздің алдымызда медиацияға қатысты екі үлкен бағыт тұр. Біріншісі – этномедиация институтын дамыту. Екіншісі – құқық қорғау қызметін дамыту. Бірінші бағыт бойынша Мемлекет басшысы 2021 жылдың қазан айында өткен кеңесте біршама міндеттер жүктеген болатын. Күні кеше басшылыққа медиация орталығын құру жөнінде жүйелі ұсыныстар енгізілді. Этномедиация орталығы бұған дейін де дамып келе жатқан этномедиацияны кәсіби деңгейде құрудың бірден-бір құралы болмақ. Бұл орталық мына бағыттар бойынша жұмыс істейді: мемлекеттік қызметкерлер мен азаматтық сектор өкілдері үшін этносаралық қақтығыстардың алдын алу бойынша курстар ұйымдастыру, этномедиация жұмысын әдістемелік қамтамасыз ету, шиелініс жағдайлардың алдын алу мақсатында өңірлерге профилактикалық және дағдарысқа қарсы іс-сапар ұйымдастыру, атқарушы органдарға ақпарат беру болып табылады.
Этносаяси сауаттылықты арттыру, этносаралық қатынастар саласының ерекшеліктерін және оқиғаның қате интерпретациясының салдары жан-жақты түсіндірілген басқосу барысында «Конфликтология және этномедиацияның негіздері», «Ақпараттық және медиалық сауаттылық. Ақпараттық кеңістіктегі этносаралық қатынастар», «Қазақстанның этностық топтары арасындағы өзара қарым-қатынастың әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктері. Жанжалдың ақпараттық компоненті. Алауыздық тілі. Жанжалдың декларативті кезеңіндегі бейнормативті этнонимдері», «Қоғамдық риторика дағдылары» тақырыптарына арналған дәрістер топтамасы ұсынылды.