Қазіргі әлемдік қауымдастықтағы заң саласының тәжірибесінде медиация дауларды реттейтін баламалы механизм ретінде үшінші бейтараптық позицияны ұстанып, дауласушылардың өзара еркін ымыраға келуі үшін барлық жағдайды жасайды және осының негізінде әділ шешім салтанат құрады. Осы медиация үдерісінде медиатордың өзін бейтарап ұстайтындығынан, сондай-ақ дауласушылардың еркінділік, құпиялылық пен өзара сыйластықтағы тең құқылы дәрежедегі ортақ бір келісімге келуінен медиация рөлінің маңызы артып отыр. Аталған талап шарттарының сақталуы нәтижесінде медиация дау-жанжалдарды шешуші ретіндегі құқықтық мәртебеге ие.
Жалпы, Қазақстан Республикасында медиативтік қызметті реттейтін ҚР 2011 жылғы 28 қаңтардағы № 401-IV «Медиация туралы» заңы бар. Аталған заң медиацияның дауларды (жанжалдарды) реттеуші екенін, сондай-ақ дауласушы тараптарға медиатордың (медиаторлардың) еркін жағдай жасауы нәтижесінде олардың өзара қолайлы шешім шығаруына толық мүмкіндік барлығын ұғындырады. Сонымен бірге, медиатор кәсіби және кәсіби емес есебінде «Медиация туралы» тиісінше заң талаптарына сәйкес, тараптарға медиация үдерістерін жүргізе алады. Осы заңның 9-бабына сәйкес, тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор ретінде саналады. Бұл ретте аталған заңда көрсетілгендей, медиатор қызметі кәсіби және кәсіби емес негізде іске асырылатынын ескергеніміз жөн. Сондықтан Қазақстан халқы ассамблеясының (ҚХА) медиативтік әуелеті маңызын зерттеуде осы басымдықтарға мән беріледі. Анығын айтқанда, кәсіби және кәсіби емес медиаторларға қойылатын талап «Медиация туралы» заңда айқын көрсетілген.
Осы жолдағы бірінші айтылған медиатор-жоғары білімі, жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілген медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификат) болуы және кәсіби медиаторлардың тізілімінде тіркелуі тиіс. Ал кәсіби емес медиаторлар қырық жасқа толуы және кәсіби емес медиаторлардың тізілімінде тіркелуі қажет, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес, сотта бітімгерлік рәсімдерін жүргізу кезінде судьялар медиаторлар қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады. Бастысы, тұрғындардың дау-жанжалдарға деген түсінігін өзгерту мәселесінде қазақстандық сот өндірісін жетілдіру үдерісіне медиацияны жаппай енгізу қажеттілігінің маңызы артып отыр. Біздің сот жүйесіндегі медиацияның танымалдығын арттыру үшін сапалы қайта бағдарлау негізінде, соның ішінде қылмыстық істер бойынша онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстарды сот ісін жүргізуде медативтік тәртіп негізінде қараудың сапалығын арттырудың маңызы күн өткен сайын артып отыр. Тұтастай алғанда, медиацияның дау-жанжалдарды баламалы түрдегі реттеуші екендігін айқындайтын насихаттық және ақпараттық-түсіндіру тұрғыдағы жұмыстарын дәйекті жүргізгенде ғана оң нәтижеге қол жеткіземіз. Аталған жұмыстың өзіндік ерекшелігін жан-жақты нақтылап көрсететін ҚХА институты ресурстарын пайдалану лайықты саналады.
Қазақстан халқы ассамблеясы құрылымдарына медиация механизмін толық енгізгенде ғана, медиативтік ерекшеліктерді пайдалану үдерісі бойынша соттан тыс дау-жанжалдарды шешу ісі өзіндік басымдыққа ие болады. Бұлай дейтініміз, ҚХА ұлттар мүддесіне қызмет жасайтын орган ретінде этносаралық және конфессияаралық мәселелерді реттеуде қоғамдық қарым-қатынастар саласындағы орны ерекше. Осы тұста атап өту керек, ҚХА мен сот жүйесінде өзара ынтымақтастық бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Соның бастысы ретінде Қазақстан Республикасындағы медиацияны дамыту бойынша ҚХА мен ҚР Жоғарғы соты екіжақты меморандум бекітті. Аталған құжаттың маңыздылығы соншалық, ол екіжақты бірлескен іс-шаралар мен дау-жанжалдарды сотқа дейін реттеу институтының жұмысын жандандыруға өз септігін тигізеді. Осы игілікті істердің нәтижесінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын алға жылжыту мен кәсіби емес медиаторлардың рөлін күшейту мәселесі бағытындағы тренингтерді өткізу және басқа да жұмыстар жолға қойылды.
Жоғарыда атап өтілгендей, медиацияны дамытудың артықшылығы біздің сот жүйесіне әділдікпен жәрдемдесуге, сот процесі үдерістерінде шешімдерді бәтуалы шығаруға мүмкіндік берді. Сондықтан медиация сотқа дейін дау-жанжалдарды реттеуші әрі оның алдын алушы ретінде әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге тікелей әсер етіп отыр.
Қазіргі жаңа заман дәуіріндегі азаматтық қоғамда адамдардың еркі мен құқына тең дәрежеде қарау мәселесі алғы кезекке шыққаны жасырын емес. Осы аталған мәселе нәтижелі атқарылғанда ғана тұрғындардың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық белсенділік деңгейі жоғары болады. Іс барысында мәлім болғанындай, медиацияны енгізу арқылы ел азаматтарының құқықтық сауаттылығын арттыруға, Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуына мүмкіндік жасалды. Бірақ біз медиация институты мен сот жүйесіндегі дау-жанжалдарды тең дәрежеде реттеу мәселесін жолға қоюымыз қажет. Сонда ғана еліміздің құқық саласындағы көкейкесті мәселелер оң тұрғыдан шешіледі.
Бәрімізге белгілі, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы ассамблеясының (2025 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасына сәйкес, Қазақстан халқы ассамблеясы қызметінің негізгі бағыттарының қатарындағы қайырымдылық пен қоғамдық бақылауға маңыз берілген. Сонымен бірге, осы тұжырымдамада ҚХА жанындағы медиацияны құрылымдау барысында қоғамдық келісім мен бірлік жүйесіндегі сұрақтарды шешу үшін медиация рәсімдерін пайдалану мәселесі қарастырылған. Бұл ретте айта кетеріміз, Қазақстан халқы ассамблеясы қызметінің шеңберінде медиация жаңадан құрылғанымен, ол қарқынды дамып келеді.
2016 жылғы 25 наурыздағы алтыншы шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясы палатасының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясында тұңғыш рет медиация инклюзивті желісінің құрылғанын баяндады. Ал осы жылғы 26 сәуірдегі «Жаңғырудың негізі тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбымен өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XXV сессиясында Елбасы тағы бір мәрте медиация институтының маңызын атап өтті. Қазақстан халқы ассамблеясы алдындағы міндеттердің ауқымы өте кең. Ол өз кезегінде медиация кабинетін құру арқылы этносаралық қарым-қатынастар саласындағы сұрақтарды шешумен бірге отбасылық қарым-қатынастарға, жастар арасындағы және тұрмыстық мәселелерге қатысты түйінді түйткілдердің әділ шешімі болуына жәрдем жасай білді. Жұмыстың сапалы болуы үшін медиация кабинетінде келушілерге арналған нормативтік-құқықтық және өзге әдебиеттер, сондай-ақ медиация мазмұнын жан-жақты ашып көрсететін фильмдер бар. Бір жарым жыл бойғы медиация кабинетінің жұмыс тәжірибесі көрсеткендей, мұнда біздің көмегімізге жүгінгендер негізінен тұрмыстық, еңбек және отбасылық қарым-қатынастардағы дау-жанжалдар мәселелеріне байланысты келді.