Бүгін қаламызда “Shymkent Invest” фронт-офисінің ашылуы өтті. Ұйым инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын жергілікті және шетелдік инвесторларға жоба идеясы басталғаннан пайдалануға берілгенге дейін қолдау шараларымен қатар экспорттау, дамуды қаржыландыру бойынша қызметтер көрсетеді.
Ашылу салтанатына мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбеков пен қала прокуроры Ғабит Мұқанов қатысты.
Инвесторлар тарту және оларды қолдауға қатысты мемлекеттік қызметтер «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылатын болады.
Фронт-офиспен танысқан қала әкімі бүгінде елімізде инвесторлар үшін барлық жағдай жасалғанын, Мемлекет басшысының жарлығымен инвестициялық штаб құрылғанын атап өтті.
«Инвесторлармен тиімді жұмыс жүргізу, сондай-ақ сала бойынша нақты бағдарлама әзірлеу қажет, ең бастысы енгізіліп жатқан жобалардың саны емес, сапасы маңызды», — деді Ғабит Әбдімәжитұлы.
Айта кетейік, «Shymkent Invest» ЖШС қала әкімінің бастамасымен құрылған. Мұнда ұйым қызметкерлері инвестициялық жобаларға жан-жақты қолдау көрсетумен қатар құжаттарды дайындауға, жиналыстарды ұйымдастыруға және өткізуге, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес беруге көмектеседі.
Сонымен бірге, «Shymkent Invest» ЖШС мен Шымкент қаласының прокуратурасы арасындағы ынтымақтастық аясында инвесторлардың проблемалық мәселелерін шешу мақсатында кеңсеге тұрақты түрде инвесторларға тікелей қолдау көрсететін прокуратура қызметкері бекітілді.
Айта кететін, Қытайдан келген инвесторлар қаламызда қайталама мұнай өнімдерін терең өңдеу арқылы каталитикалық крекинг қондырғысы бар ине кокс өндіретін жоғары технологиялық зауыт салуға ниет білдірген болатын. Ұсынылып отырған тікелей инвестицияның жалпы көлемі шамамен 200 миллион АҚШ долларын құрайды. Айта кетерлігі, инвестициялық жобаны жүзеге асыру 200 жаңа жұмыс орнын ашуға және қаланың түлектерін тиісті саласы бойынша жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жоба өңірдегі мұнай-химия өнімдерін терең өңдеудің өнеркәсіптік құрылымын жақсартуға бағытталып отыр. Кездесу барысында қала әкімі қытайлық компанияға Шымкент қаласына ықылас танытқаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, бірлескен жобаны жүзеге асыру барысында әкімшілік тараптан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі