Мақтаарал ауданында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан республикалық «Халық заңгері» акциясы биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл игі шараның басты мақсаты — халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша жедел әрі сапалы көмек көрсету.
Іс-шара барысында тәжірибелі заңгерлер, адвокаттар, нотариустар мен медиаторлар, сондай-ақ құқық қорғау органдарының, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері аудан тұрғындарын қабылдап, олардың сауалдарына жауап берді. Тұрғындарға жылжымайтын мүлік, жер қатынастары, әлеуметтік көмек, алимент өндірісі, зейнетақы мен жәрдемақы, еңбек даулары және басқа да құқықтық мәселелер бойынша кеңестер берілді.
Акцияға келген тұрғындар өздерін мазалап жүрген көптеген сұрақтарға нақты әрі заңды жауаптар алып, кейбірінің мәселелері сол жерде шешімін тапты. Мамандар кейбір күрделі жағдайларда заңды тұрғыда қалай әрекет ету керектігін түсіндіріп, қажетті құжаттарды дайындауға көмектесті. Қабылдаулар жеке және құпия түрде ұйымдастырылды, бұл азаматтардың еркін әрі ашық пікір білдіруіне мүмкіндік берді.
Шараға қатысқан облыстық және аудандық деңгейдегі мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау саласының өкілдері осындай бастамалардың қоғам үшін аса маңызды екенін атап өтті. Олар тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру — құқықбұзушылықтардың алдын алудың бірден-бір жолы екенін айтты.
«Халық заңгері» акциясы халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, сенім деңгейін арттырады. Сонымен қатар, бұл шара тұрғындардың мемлекеттік органдардың қызметі туралы нақты ақпарат алуына, өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсінуіне септігін тигізеді.
Айта кетейік, аудан тұрғындары аталмыш акцияның тұрақты түрде өткізіліп тұруын қалайтындарын жеткізіп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
