Бүгін қала әкімі Қаратау ауданындағы Тұран, Нұртас, Мәртөбе, Мирас-2, Тассай және Достық шағын аудандарының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
Аудан тұрғындары жолдарды асфальттеу, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу, газ, кәріз жүйелерін жүргізу жоспарларын сұрады. Сондай-ақ, шалғай көшелерге бейнебақылау камераларын, жол белгілерін, бағдаршамдарды және жарықтандыру жүйелерін орнату қажеттілігі көтерілді.
Айта кетейік, келесі жылы Тұран шағынауданында ұзындығы 17 шақырым 33 көшені асфальттеу, ал келесі жылдың бірінші жартыжылдығында 13 көшеге жарық беру жоспарлануда. Сондай-ақ Мәртөбе тұрғын алабында үздіксіз энергиямен жабдықтау үшін кабельдер мен тозған трансформаторларды ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы Мирас шағын ауданында кәріз желілерінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Мегаполис басшысы Тассай тұрғындарының өтініші бойынша жауаптыларға медициналық бекет салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Кездесу барысында автобус аялдамаларының сапасына және қоғамдық көлік қозғалысының кестесіне шағымдар айтылды. Барлық мәселелер назарға алынып, тиімді шешімдер қабылдауда нақты тапсырмалар берілді.
Ауданды электр жарығымен қамту деңгейі 98 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта Бозарық саяжайы мен Сайрам тұрғын алабының жаңақұрылыс аймақтарын электр желісімен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалардың аяқталуымен электр жарығымен қамту көрсеткіші де 100 пайызға жетеді деп күтілуде.
Аудандағы инфрақұрылымды дамыту шаралары тұрақты түрде жүргізіліп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Ауданда қазіргі уақытта электр желілеріне қосу, яғни абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Сайрам тұрғын алабы мен Қайтпас шағынауданының жаңақұрылыс аумақтарына да электр желілері тартылуда. Жоспарланған жұмыстар толық аяқталғаннан кейін, Қаратау ауданындағы электрмен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетіп, барлық тұрғындар үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етіледі.