2025 жылғы 6 ақпанда «Су тасқыны кезеңі жағдайларындағы төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау» тақырыбында «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы бастау алды.
Жаттығу екі күнге жоспарланды. Оқу-жаттығудың республикалық штабы Атырау қаласында орналасқан. «Баршаның назарына!» дабылы бойынша құлақтандыру жүйесінің дайындығын тексеру мақсатында сағат 11.00-де жалпықалалық сирена қосылды.
Оқу-жаттығу аясында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде азаматтық қорғау қызметтері өкілдерінен тұратын штаб құрылып, жұмыс атқарды. Сондай-ақ далалық жағдайда қаланың орталық басқару штабы Еңбекші ауданы, Бадам-2 тұрғын алабында құрылған, яғни жедел басқару штабы су тасқыны салдарын жою кезінде далалық жағдайда шешімдерді қабылдауда оңтайлы болды.
Қалада су тасқынын жою мақсатында қалалық азаматтық қорғау қызметтерімен жалпы саны 2448 жеке құрам, 442 түрлі мақсаттағы техникалар, 81 мотопомпа және 8 жүзу құралдары әзірлікке келтірілген.
Оқу-жаттығу шеңберінде екі күн бойы қала аумағында профилактикалық іс-шаралар өткізілді.
Жаттығудың бірінші күні Шымкент қаласы ТЖД бастығы генерал-майор Қ. Базарбаевтың басшылығымен қаланың азаматтық қорғау қызметтері күштер мен құралдарының дайындығын тексерумен басталды. Одан әрі Департамент бастығы шатырлы қалашықты аралады.
Сонымен қатар шартты түрде су тасқынының алдын алу және орын алған төтенше жағдайларды жою мақсатында Қаратау ауданы Сайрам тұрғын алабындағы «Сайрам су» өзенінің су шайып кеткен габион тастарын орналастыру және Қарабастау шағын ауданында «Бадам» өзенінің арнасын бұру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Бадам өзенінің арнасындағы каскадты тіреу құрылғысының шлюздерінің қоқыстан тазарту және шлюз құрылғыларын майлау жұмыстары жүргізілді.
Келесі күні жаттығудың тактикалық тұрғысына сәйкес еріген қар суы мен жауынның салдарынан Бадам өзенінің арнасы асып, тұрғын үйлерді су басу қауіпі туындады. Оқиға орнына тез арада күштер мен құралдар жіберілді. Жағалауды нығайту өзенінің қоқыстарын түзету және механикалық тазарту жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарды эвакуациялау, №97 мектептің базасындағы зардап шеккен халықты қабылдау пунктіне орналастыру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен бірге каналдарды механикалық тазарту жұмыстары жүргізіліп, су тасқыны орын алған облыстарға «ҚТЖ» ҰК АҚ теміржол платформалары арқылы инженерлік, қосалқы немесе басқа да техниканы тиеу және түсіру іс-шарасы пысықталды. Практикалық іс-шаралар барысында Шымкент қаласында азаматтық қорғау қызметтері мен Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің күштер мен құралдарының өзара әрекет ету іс-қимылдары пысықталды.
«Көктем–2025» РКШОЖ: Шымкент қаласында практикалық шаралар өткізілді
