Көктемгі егіс науқаны кезінде ағын суды ретсіз пайдалану, электр қуатының берешегі, каналдарды тазалау, ағын тапшылығы секілді мәселелер пайда болып жатады. Ал, көктемгі дала жұмыстары қыза түскен шақта туындайтын мұндай мәселелердің дер кезінде алдын алмаса егістік алқаптардағы қиындықтар күрделене береді.
Осы мақсатта Қоғам ауылдық мәдениет үйінде аудан әкімі С.Сұлтанханов пен аудан прокуроры Б.Булеулиевтың қатысуымен мекемеаралық мәжіліс өтті.
Жиынға “ҚАЗСУШАР” ШЖҚ РМК Түркістан филиалының Отырар өндірістік бөлімшесінің, “Оңтүстік Жарық Транзит” ЖШС-нің Отырар аудандық АЭЖ-нің, “Атамекен” ҰКП-ның Отырар ауданы бойынша филиалы өкілдері мен шаруа қожалықтарының төрағалары қатысты.
Жиында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Б.Сыздық баяндама жасап, жер жырту, жеңілдетілген жанар-жағар маймен қамтамасыз ету, кәсіпкерлерді қолдау шаралары туралы айтып өтсе, “ҚАЗСУШАР” ШЖҚ РМК Түркістан филиалының Отырар өндірістік бөлімшесінің өкілі каналдарды тазалау, ағын жеткізу үшін су сорғыш насостардың жай-күйі жөнінде атап өтті.
Айта кету керек, бүгінгі таңда аудан көлемінде егілетін егіс алқабына жыртылуға тиісті жер көлемі 26 606 га болса, оның 17 713 га яғни 66,6 пайызы орындалған. 2024 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына дизель отынын қалыптастыру мақсатында «gosagro.kz» ақпараттық жүйесі арқылы 2023 жылдың 1-20 желтоқсан аралығында өтінім қабылдау жүргізілген. Аудан көлемінде 2024 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін АШТӨ-нің тарапынан 301 өтінім тапсырылып 28 331,9 гектар жерді игеруге 665,63 тонна жанар-жағармайды алуға өтінім қабылданған. Жеткізуші оператор болып «Ұлы Орда-01» ЖШС тағайындалған. Сатылу бағасы — 249 тг/литр құрап отыр…