«Көкпаршылар ойыны – сыналады ат пен ер» демекші, бүгін шырайлы Шымкентте 1 аптаға созылған көкпардан жастар арасындағы ХVIII Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды. Бұл чемпионатқа Шымкент қаласы және Алматы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Ұлытау облыстарының құрама командалары қатысаты. 21-27 мамыр аралығында өткен бұл чемпионатқа 140-қа жуық шабандоз бақтарын сынады.
Жартылай финалға шыққан төрт команда кіл мықтыны анықтады. Түркістан облысы чемпионаттың жеңімпазы атанса, Шымкент қаласының шабандоздары күміспен күптелді, ал Атырау облысының көкпаршылары қоланы қанағат тұтты. Сондай-ақ, үздік ойыншы мен жүйрік тұлпар да анықталды. Жеңімпаз болған командаға арнайы ұйымдастырушылардың атынан ақшалай сертификат пен диплом табысталды.
Айта кететін, көкпар — Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Ол қырғыз, өзбек тілінде «Улак тартыш», тәжік тілінде «бузкаши» деп аталады. Көкпар тарту сияқты ұлттық ат спорты ойындары басқа да Шығыс елдерінде де бар. Ауғанстанда кең тараған «бузавиш» ойыны Көкпарға өте ұқсас. Сондай-ақ, Аргентина халқының да Көкпарға ұқсас ат спорт ойыны болған.
Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар Көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім Көкпарды өзі иелік етуге тырысады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде «марта тарту» деп те атайды.
Бізге белгілі көкпардың көптеген түрлері бар. Атап айтқанда: жаппай тарту, ұтысып тарту, дода көкпар, айналма көкпар, мәре көкпар, өлмес көкпар, тақым тартыс, т.б. Сондай-ақ, көкпардың аталған түрлеріне қатысты жеке-жеке ережелері болған немесе көкпаршылар ойын үстінде жағдайға қарай келісіп алатын да үрдіс бар. Бірақ бұл біртекті емес үрдіс, әр өлкеде әрқилы түрлері кездесе береді. Мысалы, жаппай тартуды алатын болсақ: бұл ойын түрінде кәрі-жас, үлкен-кіші дейтін шектеу жоқ. Барлық адам қатысатын болғандықтан жоғарыдағыдай атауға ие. Көкпаршылардың тақым күшін, ептілігін, қол қайратын талап ететін бұл көкпардың ерекшелігі барлық өңірге тән екендігінде.