Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың және оларға қатысты жасалып жатқан қылмыстардың, зорлық-зомбылық әрекеттерінің және балалар еңбегін қанаудың алдын алу және болдырмау мақсатында аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Алдияр Қозыбаев бастаған аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мүшелері, жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының инспекторларымен бірге қала аумағындағы тойханаларда жасөспірім балалардың жұмыс жасауы бойынша мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының мүшелерімен жүргізілген мониторинг жұмыстары барысында тойхана иелеріне және жасөспірімдерге түнгі мезгілдегі тиым салынған жұмыстар және жасөспірімдердің еңбегін пайдаланудың заңдылықтары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң талаптары орындалмаған жағдайда әкімшілік айыппұл қарастырылғанын ескертті.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы Заңының талаптарына сәйкес баланы оның денсаулығына қауіп төндіруі немесе білім алуына кедергі келтіруі не оның денсаулығына және дене бітімі, ақыл-ойы, рухани, моральдық және әлеуметтік жағынан дамуына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген жұмысты орындауға қабылдауға немесе тартуға тыйым салынады.
Алдағы уақытта жергілікті атқарушы мекемелер тарапынан балалар еңбегін қанаудың алдын алу және болдырмау мәселелері бағытында мониторинг жұмыстары жалғасатын болады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі