Қыркүйек айының 4-6 күндері аралығында Арыс қаласы аумағында Азаматтық қорғанысты ұйымдастыру мен жүргізу және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатындағы кешенді іс-әрекеттерге дайындығын бағалаудың қорытынды жиыны өтті.
Жиынға қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов, Облыстық ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Әскер Сарбатов, Арыс аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысы мекеме мен бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты.
«Іс-шараның негізгі мақсаты – қаладағы апатты жағдай кезінде медицина, ішкі істер органы қызметкерлері, өрт сөндіру қызметі, басқа да, коммуналдық қызметтердің өзара әрекеттесу жұмыстарын көрсету. Халықтың, басшы құрамның, жаттығуды өткізіп жатқан жеке құрамның жұмыс қабілетін арттыру және шыңдау, — деді әкім орынбасары Алмаз Сұлтанов.
Жиын барысында Облыстық ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Әскер Сарбатов Арыс қаласында өткен 3 күндік кешенді оқу-жаттығу бойынша көрсетілген нәтижелерге тоқталып, қорытынды баяндама жасады. Өз сөзінде атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, оқу-жаттығу барысында берілген тапсырмаларды нақтылап, арнайы қызмет басшыларына тапсырма берді.
Жиынды қорытындылаған әкім орынбасары Алмаз Сұлтанов бейбіт кезеңде өткізілетін оқу жаттығу жиынының маңыздылығына тоқталып, шараға қатысушыларға қала әкімдігі атынан алғысын білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі