Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов Ш.Құдайберген, З.Иманбаев және 52-мөлтек ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесуге қала әкімінің орынбасары, қалалық мәслихат депутаттары мен жауапты сала басшылары қатысты.
Тұрғындар аяқ жолдардың жетіспеушілігі, ойын алаңдарының сапасы мен саны, жарықтандыру, суағарлар мен кәріз жүйесіне қатысты өз өтініш-тілектерін жеткізді.
Қала әкімі көтерілген мәселелерді бақылауға алатынын, оларды шешу үшін нақты жоспарлар жасалып жатқанын атап өтті. Бірқатар мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
Жандос Қалмырзаұлы қаржының бөлінуіне қарай жұмыстардың кезең-кезеңімен атқарылатынын және әр мәселе назарда болатынын айтты. Сондай-ақ қаламызды бірге көркейтуге, қаланың тазалығын сақтауға бірлікте атсалысуға шақырды.
Қоса кететін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынды. Бұл бастама елдегі мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын арттырып, билік пен халық арасындағы сенімді қарым-қатынасты орнатуға бағытталған. Президент бұл тұжырымдама барлық азаматтардың өтініштеріне жедел әрі тиімді әрекет етуді қамтамасыз етуі тиіс екенін ерекше атап өтті.
Түркістан облысы – еліміздің рухани орталығы ретінде әлеуметтік-экономикалық, мәдени және тарихи маңызы зор өңір. Мұндағы халық саны жыл сайын артып келеді, соған сай тұрғындардың мемлекеттік қызметтерге деген сұранысы да жоғары. Мемлекеттік органдардың тұрғындармен тиімді кері байланыс орнатуы – осы аймақтың тұрақты дамуына негіз болады.
Мемлекет басшысы мемлекеттік аппарат қызметіндегі көптеген кемшіліктер халық пен билік арасындағы кері байланыстың әлсіздігінен туындайтынын атап өтті. Түркістан облысында да бұл мәселе өзекті болып отыр. Халықтың талап-тілегіне дер кезінде жауап берілмеуі, өтініштерге немқұрайлы қарау, жергілікті әкімдіктердің халықпен тікелей диалог орнатудағы әлсіздігі – тұрғындардың сенім деңгейіне теріс әсер етеді. Осыған байланысты, облыста «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын толық іске асыру қажеттігі туындайды.
Тұжырымдаманың басты мақсаты – билік пен қоғам арасында шынайы, ашық және тиімді диалог орнату. Бұл әсіресе Түркістан сияқты қарқынды дамып келе жатқан өңірде маңызды. Жаңа әкімшілік орталықтардың бой көтеруі, инфрақұрылымның дамуы, әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асуы – осының барлығы халықтың қатысуымен, ұсыныс-пікірлерімен үндесіп отыруы тиіс.
Бүгінде облыста тұрғындармен жұмыс істеу барысында бірқатар мәселелер бар: өтініштерді қарау мерзімдерінің ұзақтығы, жауаптардың формальділігі, халықтың көтерген мәселелеріне нақты шешімдердің берілмеуі. Бұл жағдайлар мемлекеттік органдардың проактивтілігінің жетіспеуінен туындайды. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер халыққа жақын болуға, олардың сөзін тыңдап, нақты әрекет етуге міндетті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет – бұл барынша ашық және есепті мемлекетті қалыптастыру. Сондықтан, бұл тұрғыда тұрғындардың пікірі барынша ескерілуі тиіс. Бұл бастамалар азаматтық қоғамды дамытуға негіз болады. Қазіргі шаралар аяқ астынан мәжбүрліктен қолға алынған жоқ. Ол – елімізді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саясаттың жемісі», – деп нақты айтты.
Түркістан облысы – тарихи, мәдени құндылықтарымен қатар, бүгінде үлкен әлеуметтік-экономикалық жобалар жүзеге асып жатқан аймақ. Мұндай өңірде халықпен байланыстың жоғары деңгейде болуы – уақыт талабы. Жергілікті әкімдік, мемлекеттік мекемелер тұрғындардың әр ұсынысына құлақ асып, ашық диалог алаңдарын кеңейтуі қажет. Бұл – қоғамның дамуына, азаматтардың билікке деген сенімін нығайтуға жол ашады.
Қорытындылай келе, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын Түркістан облысында сәтті жүзеге асыру – өңірдің тұрақты дамуының, қоғамдық келісім мен ел бірлігінің берік негізі болмақ. Билік пен халық бір-бірін тыңдап, бірге әрекет еткенде ғана Түркістанның келешегі жарқын болатыны сөзсіз.
