«Таза Қазақстан» экологиялық іс-шарасына байланысты кентаулық полицейлер тазалық жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Полиция бөлімінің темір қоршауларын әрлеп, ауладағы шөптерді шауып, қоқыстарды жиыстырды. Отыздан астам полицейлер ат салысқан сенбілік тиісті деңгейде өтті.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Айта кететін, Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бес аптаға созылады. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты болмақ.
«Таза өлке». Бірінші аптада елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері өз аумағындағы аулаларды тазалайды.
«Киелі мекен». Екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналады.
«Жасыл аймақ». Үшінші аптада көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізіледі.
«Өнегелі ұрпақ». Акцияның төртінші аптасында ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалау, абаттандыру көзделеді.
«Мөлдір бұлақ». Акцияның қорытынды, бесінші аптасында өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылады.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі