Бүгін қазақтың кітап қоржыны тағы бір жыр жинақпен толықты. Кентау қаласының тумасы, ақын Қуандық Мырзақасымовтың «Жүректегі жазулар» атты кітабы оқырманға жол тартты. Жаңа туындының тұсау кесу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысты, деп хабарлайды Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
– «Жақсының аты өлмейді» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Қуандық көкеміз оңтүстік өңірде туылып, осы өлкенің өркендеіне өлшеусіз үлес қосқан азамат. Бұл кітап жастарға, өскелең ұрпаққа өнеге деп сенемін. Өйткені ол кісінің қалдырған еңбегі ұмыт қалмай, жарық көріп жатқанының өзі бір ғанибет деуге болады, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Жинаққа ақынның өлеңдері, қаламдастары мен туған-туыстарының естеліктері енген. Аталған кітап алдағы уақытта өңірдің ақындарын зерттеу жұмысымен айналысатын жас ғалымдарға, өлкетану, филология және әдебиеттану мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерге, жас ақындар мен қалың оқырманға арналған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе» деген еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономика үшін аса қажетті креативті индустрияны қолға алуды осыдан бірнеше жыл бұрын айтқан. Қазір сол бастама ел игілігі үшін маңыздылығын көрсетіп отыр. Мәселен, Үкімет 2021-2025 жылдарға арналған Шығармашылық индустрияны дамыту тұжырымдамасын бекітіп, жүзеге асыруды бастап, оған қатысты қызметтің 43 түрін белгіледі.
Қазіргі уақытта креативті индустрия мәселелері «Мәдениет туралы» ҚР Заңымен және 2021-2025 жылдарға арналған креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасымен реттеледі. Сондай-ақ, сала өкілдерімен бірлесіп инфрақұрылымды, қолдауға бағытталған арнайы қор құру және креативті индустриямен жұмыста мемлекеттік мүлікті пайдалану жөніндегі тетіктер талқыланып жатыр. Заңнамалық көмек шеңберінде «Мәдениет туралы», «Білім туралы», «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңдарға толықтырулар енгізу жоспарланған.