ҚР Президентінің бастамасына сәйкес, елдің барлық аймағында көгалдандыру, абаттандыру мақсатында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүруде. Бұл шараға кентаулықтар да белсенді қатысып, қала тазалығын сақтауға атсалысуда. Қала және қалаға қарасты ауылдарды абаттандыру мақсатында қалаға қарасты Қарнақ ауылында балаларға арналған жаңа ойын алаңша пайдалануға берілді, деп хабарлайды Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
Тұрғындары тығыз орналасқан әз-Жәнібек көшесіне салынған бұл орын ауыл сәнін арттыра түсті. Ойын алаңшасы ауылдың белсенді кәсіпкерлерінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Игі шараға қатысқан қала әкімі Жандос Тасов, қалалық маслихат депутаты Бекзат Хабибов балаларға қуаныш сыйлап, демеуші болған және үлес қосқан жандарға алғыс білдірді. Ауыл тұрғындарын жаңа ойын нысанының пайдалануға берілуімен құттықтап, лентасын қиды.
Ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, жанашыр ауыл тұрғындарына ризашылықтарын жеткізді. «Мұндай игі іс ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінің арқасында жүзеге асырылуда. Әр аулаға салынған ойын алаңшаға қуанған балалардың бақытты жүздері, біздің тоқтамай жұмыс жасауға күш беруде. Қазір осы іске ұйытқы болғысы келетін жастардың саны артып келеді» дейді ауыл биі Әбсәлім Өмірбеков.
Тарихы терең Қарнақ ауылында пайдалануға берілген алаңшасы барлық стандартқа сай, 1 гектар аймақты алады. Онда жарықшамдар орнатылып, айналасы абаттандырылған. Тыныстап демалуға арналған жайлы орындықтар қойылған. Мұндай ойын алаңшасы осымен төртінші рет ауыл балаларына табысталуда.
Ауылдың белсенді тұрғындары жыл соңына дейін әлі 4 ойын алаңшаны табыстауды жоспарлап отыр.
Айта кететін, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында Шымкент қаласының Еңбекші ауданында кезекті рет «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске қосылды.
Жобаның мақсаты Еңбекші ауданының аумағында:
— Аумақты көгалдандыру;
— Тротуарларды жайластыру;
— Тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу;
— Ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру (саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер аймақтары және өзге де объектілер);
— Бордюрларды, брусчаткаларды, тіреуіш қабырғаларды жөндеу;
— Қоқыс тастайтын жерлерді жою;
— Ортақ пайдалану орындарында күркелер, орындықтар, урналар және балалардың ойнауы және ересек тұрғындардың демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату және жөндеу;
— Аула аумақтарында және ортақ пайдалану орындарында спорттық (жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру жұмыстары бойынша жергілікті бюджет қаражатын бөлу процесіне қала тұрғындарын қатыстыру арқылы қалалық бюджетті қалыптастырудың ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады.