Кентау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Б.Саттарханов атындағы № 1 БЖСМ- де “Әкем, анам және мен” атты спорттық жас отбасылар сайысы өтті.
Шараның мақсаты — жас отбасылардың бір-біріне деген махаббатын арттыру, кішкентай отанның қадіріне жету және әрі мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алу. Сонымен қатар адам денсаулығының, өмір сүру үшін қажеттілігін, бағалы байлық екенін түсіндіру.
Спорт – денсаулық кепілі. Салауатты ұрпақ – мемлекет тірегі. Қазақ спортының мәртебесін көтеру және барынша қолдау Мемлекет басшысының тұрақты назарында.
«Шынықсаң, шымыр боларсың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт. Ғалымдар зерттеуіне сүйенер болсақ, спорт адамды шат-шадыман өмір сүруге де жетелейді. Ол адамның рухани әлемі үшін де маңызды. Өйткені әлсіз әрі қиындыққа көп ретте қарсы тұруға қауқары жете бермейтін жандарға мамандар бір ауық спортпен шұғылдануға кеңес береді. Күйзеліске ұшыраған сәттерде дене жаттығуларына ден қойсаңыз, жаңа құлшыныс пен тың серпіннің арқасында ерекше өмір сүруге ұмтыла түсесіз.
Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Ата-бабамыз «Тәні саудың-жаны сау»-деп бекер айтпаған. Салауатты өмір сүру дегеніміз-тазалық сақтап, дене тәрбиесі және спортпен шұғылдану. Қазіргі уақытты өткен кезеңмен салыстыра алмаймыз, себебі уақыт өте көптеген өзгерістер өмірге енді. Тіпті бала тәрбиесіне жаңаша көзқараспен қараймыз. Қазіргі таңда қоғамдағы жат қылықтар жастарға кері әсерін тигізуде. Жастар арасында темекіге, ішімдікке еліктеушілік, тіпті нашақұмарлық та өршіп бара жатқандай. Салауатты өмір салтын қалыптастыруда дене тәрбиесінің маңызы зор. Жастарды болашақтың тірегі болатын, денсаулығы мықты азамат ретінде қалыптастыру керек. Жастардың жан-жақты дамуын спортсыз елестету мүмкін емес. Спорт — барлық тәрбие атауының бір саласы. Оның түп негізі-қозғалыссыз тіршілік болмақ емес. Спорт жаттығуларын жүйеге түсіріп белсенді бір мақсатқа бағыттаса, оның берері көп. Бірінші байлық-денсаулық деген, ал сол денсаулықтың кепілі спорт. Салауатты өмір сүрмей тұрып, өмірге қажетті нәрсені ала алмайсың.
Тартысты сайыста отбасылар «Кім көп секіреді?», «Кім жүйрік?», «Эстафета», «Шеңбермен жүгіру» деп аталатын төрт кезеңнен тұратын бәсекеде бақ сынады.
Сайыс нәтижесінде жанұядағы жарасымдылығымен ерекшеленіп, ұрпақтар сабақтастығының қайталанбас үлгісін көрсеткен үздік отбасылар жүлделі орындармен марапатталды.
Бұл орайда, I орынға “№ 2 БЖСМ” командасының отбасы лайық деп танылды. Ал, II орынға “Спорт клубы”командасының отбасы ие болды. Сондай-ақ, III орынды “№1 БЖСМ” командасының отбасы иеленді, деп хабарлайды Кентау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.