Бүгін аудан әкімдігі ғимаратының мәжіліс залында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жиналыс өтті. Жиынға аудан прокуроры Нұрлан Ешенқұлов, аудандық полиция бөлімінің басшысы Мұрат Абилханұлы, прокуратура қызметкерлері мен полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары, аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев және ауыл әкімдері қатысты.
Жиналыс барысында аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Джилкибаев, аудан прокурорының орынбасары Нүркен Ағабеков және аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Абилханұлы құқық бұзушылық бойынша жарты жылда атқарылған жұмыстар нәтижесін баяндады. Қоғамдық-саяси ахуалдың сараланған мәжілісінде, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстардың сапасы мен тиімділігі жөнінде бірқатар маңызды мәселелер де көтерілді.
Жиын соңында қоғамдық орындарда қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екендігі сөз етілді. Ол бойынша мекеме басшылары, заң аясында тиісті жұмыстарды жүргізу үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.