Келес ауданында 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай аудан орталығындағы «Жеңіс» саябағындағы “Даңқ” мемориалды тақтасына гүл шоғын қою рәсімі өтті. Ісшараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, мемориалға гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
– Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен, Жеңіс күнімен құттықтаймын. Елімізден сан мыңдаған жауынгерлер түрлі соғыстар майданына аттанып, ақтық демі қалғанша шайқасты. Бүгін біз боздақтардың рухына тағзым етеміз. Ортақ жеңіс үшін өмірлерін құрбан еткен қаһармандарымыздың ерлігін мәңгі жадымызда сақтау – біздің азаматтық парызымыз. Елімізде ешқашан соғыс болмасын деп тілеймін, — деді аудан басшысы Жәнібек Есенұлы.
«Бейбіт күн жасасын әлемде» атты іс-шараға аудандық мәслихаттың төрағасы Нұржан Шаулиев, аудан әкімінің орынбасары Даурен Сариев, аудан әкімі аппаратының басшысы Бахтияр Абдрахманов, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Ахмет Мұхамеджанов, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шералы Сәрсенұлы, ауған және еңбек ардагерлері, мекеме басшылары, аудан тұрғындары қатысты.
Алдымен жиналғандар қаза тапқан батыр бабаларымызды бір минут үнсіздікпен еске алды. Келес аудандық орталық мешітінің бас имамы Жорабай Дулатбаев марқұмдардың рухына арнайы құран бағыштады. Бұдан кейін аудан әкімі, аудандық мәслихаттың төрағасы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, тыл және еңбек ардагерлері, мекеме, бөлім басшылары “Даңқ” мемориалды тақта алдына гүл шоқтарын қойды.
(с) Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі