Келес ауданында «Бүкіл әлемдік тазалық күніне» (World Cleanup Day 2024) орай ауқымды сенбілік өтті. 10 мыңнан аса тұрғын қатысқан тазалық шарасына 27 техника жұмылдырылып, аудан көлемінде 15 тоннаға жуық қоқыс жиналды. Тазалық шарасының барысын қадағалап, қажетті ресурстармен қамту жұмыстарын Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың бақылауында болды.
— Тазалық — аудан шырайын кіргізіп, қоршаған ортаға әдемілік сыйлайтын маңызды шаралардың бірі. Таңғы 7:00 ден басталған тазалық шарасына аудан тұрғындары, мекеме қызметшілері және коммуналдық мекемелердің жұмысшылары белсенді түрде қатысуда. Осы ретте, аудан тұрғындарын «Бүкіл әлемдік тазалық күніне» өз үлестеріңізді қосуға шақырамыз. Ауыл тазалығы, оның көркі мен сәні әрбір тұрғынның өз ауласы мен үйінің маңайынан басталатыны белгілі. Сол себептен өз аулаңыз бен есік алдарыңызды күл-қоқыстан, ретсіз өсіп кеткен ағаш, шөптен арылтып, арық-атыздардың тазалығына ат салысуларыңызды сұранамыз. Маңызды шарадан қалыс қалмай, ортақ үйіміздің көркеюуіне үлес қосайық, — деді аудан әкімі Жәнібек Есенұлы.
Аудан көлемінде ұйымдастырылған тазалық акциясына өңірдегі қоғам, әлеуметтік желі белсенділері де атсалысты. Солардың бірі Айбек Смаилов. Ол тұрғындарды сенбілікке шақырып, тазалық сақтауға үндеді.
— Иә, бүгін, 21 қыркүйек — Бүкіл әлемдік тазалық күні (World Cleanup Day). Бұл күн әлемнің түкпір-түкпірінде экологиялық мәселелерге назар аударып, қоқыстарды тазалауға арналған іс-шаралар өткізілетін ерекше күн. Оған көптеген еріктілер қатысып, өз қалаларын, ауылдарын, жағажайларын және табиғи орындарды қоқыстан тазалауға атсалысады. Сіз бұл күнді атап өтесіз бе, әлде қандай да бір іс-шараларға қатысуды жоспарлап отырсыз ба? Тазалық бірінші орында, — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшсында.
Айта кететіні, осы күні экоакция аясында аудан аумағындағы барлық мекеме қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақта тазалық жұмыстарын жүргізуде. Тазалық шарасы өз жалғасын табады.
Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі