Ататүрік атындағы мектеп-гимназиясында түсіндірме іс-шара өткізілді.
Қазіргі ақпараттық қоғамда интернет алаяқтығы мен лудомания (ойынқұмарлық) – жасөспірімдер арасында кең таралып келе жатқан, алаңдатарлық әлеуметтік мәселелердің қатарына жатады. Бұл құбылыстар балалар мен жастардың тек материалдық жағдайына емес, психологиялық тұрақтылығына, отбасы мен қоғам арасындағы қарым-қатынасына теріс әсер етеді. Осыған байланысты жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың интернеттегі қауіптерге қарсы тұру қабілетін қалыптастыру мақсатында Ататүрік атындағы мектеп-гимназиясында арнайы түсіндірме іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты:
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларға интернет алаяқтығы мен лудоманияның мәнін ашып түсіндіру, олардың алдын алу жолдарын көрсету, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал ету. Жасөспірімдердің осы тақырыптар бойынша көзқарасын қалыптастыру, оларды сақтыққа, саналы шешім қабылдауға баулу – бұл кездесудің басты нәтижелерінің бірі.
Кездесу барысы:
Шараға мектеп оқушылары мен мұғалімдері қатысты. Жиын барысында интернет алаяқтарының жұмыс істеу әдістері, жиі кездесетін алаяқтық схемалар мен олардың құрбаны болудың психологиялық және әлеуметтік салдары туралы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, лудомания – яғни, құмар ойындарға тәуелділіктің жасөспірімдердің санасы мен мінез-құлқына қалай әсер ететіні, оның жеке тұлға мен қоғамға тигізетін зияны туралы нақты мысалдар келтірілді.
Мамандар бейнематериалдар арқылы нақты жағдайларды көрсете отырып, әрбір оқушының өз өміріне жауапкершілікпен қарауына, интернет кеңістігін қауіпсіз пайдалануына, күдікті жағдайларда не істеу қажеттігін білуіне жол ашты.
Жиналысқа арнайы қатысқан мамандар:
— С. Ержанқызы – Ішкі саясат бөлімі, “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің инспектор маманы;
— Н. Асқаров – Түркістан қалалық полиция басқармасы, Криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция майоры;
— Е. Өңдірбай – Түркістан ҚПБ ЖПҚ ЮПТ УПИ, полиция капитаны;
— Т. Тобағылов – Ататүрік атындағы мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары;
— М. Үнтияр – мектеп мұғалімі.
Мамандардың айтуынша, құқықтық сауаттылық пен ақпараттық сақтық – қазіргі жас ұрпақтың өз өмірін қауіптен қорғауының басты жолы. Әсіресе интернет кеңістігін белсенді пайдаланатын оқушылар үшін алаяқтықтың түрлі түрлері мен ойынқұмарлықтың психологиялық тұзақтарын түсіну аса маңызды.
Кері байланыс және қорытынды:
Кездесу соңында оқушылар өздерін мазалаған сұрақтарды қойып, мамандардан толыққанды жауаптар алды. Іс-шара барысында оқушылардың қызығушылығы жоғары болып, олар пікірталасқа белсенді қатысып отырды. Бұл өз кезегінде оқушылардың құқықтық және ақпараттық мәдениетке бейілді екенін көрсетті.
Осындай іс-шаралар оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың өмірлік дағдыларын қалыптастыруға, интернеттегі қауіптерді тануға және дер кезінде дұрыс шешім қабылдай білуге бағытталған. Құқықбұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барша қоғамның, әсіресе білім беру ұйымдарының ортақ міндеті.
«Ақпараттанған адам – қорғалған адам!» деген ұстанымды негізге ала отырып, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
