2025 жыл — елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы ретінде жарияланғаны белгілі. Бұл бастама техникалық және кәсіптік білім берудің маңызын арттырып, еңбек нарығына қажетті білікті мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлудің айқын дәлелі. Осыған орай Ахмет Ясауи колледжінде жұмысшы мамандықтарды дәріптеу мақсатында түлектер мен жұмыс беруші мекемелер арасында іскерлік кездесу ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты — оқу орнын бітіруші түлектерді нақты еңбек нарығымен таныстырып, кәсіби бағыт-бағдар беру, мамандық таңдауына көмектесу және өндірістік сектордағы кәсіпорындармен тікелей байланыс орнату.
Кездесуге аймақтағы түрлі өндірістік және қызмет көрсету саласында табысты жұмыс істеп келе жатқан ірі және орта кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында тігін өндірісі, құрылыс, дәнекерлеу, электр-механика, тамақ өнеркәсібі, агроөнеркәсіп, техникалық қызмет көрсету және басқа да бағыттағы мекемелер бар.
Кәсіпорын өкілдері студенттерге өз салаларындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы кеңінен ақпарат беріп, кәсіби жетістікке жетудің жолдарымен бөлісті. Сонымен қатар, жұмысқа қабылдау талаптары, тәжірибеден өту шарттары және әлеуметтік қолдаулар туралы нақты мәліметтер ұсынылды.
Студенттер үшін бұл — жай ғана кездесу емес, болашақ мансаптарына бастар нақты қадам. Олар жұмыс берушілермен ашық диалог жүргізіп, көкейде жүрген сұрақтарына жауап алды. Көптеген түлектер оқуын аяқтаған соң сол компанияларда тәжірибеден өтіп, әрі қарай жұмысқа орналасуға ниет білдірді. Бұл өз кезегінде колледждің білім беру сапасының еңбек нарығы талаптарына сай екенінің көрінісі.
Кездесу соңында кәсіпорын өкілдері мен колледж әкімшілігі арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, студенттерге арналған өндірістік тәжірибе базасын кеңейту бойынша келісімдерге қол жеткізілді.
Бұл шара — жастарға мамандық таңдауда сенімді шешім қабылдауға, кәсіби бағдар алуға, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы беделін арттыруға жол ашатын маңызды бастама. Ең бастысы, мұндай кездесулер арқылы жастар еңбек нарығына дайын, сауатты, кәсіби біліктілігі жоғары маман ретінде қадам басады.
Ахмет Ясауи колледжінің ұжымы алдағы уақытта да осындай форматтағы кездесулерді жиі ұйымдастырып, студенттерді тек біліммен емес, өмірлік тәжірибемен де қамтамасыз етуді басты мақсат ретінде ұстанып отыр.