Сондай-ақ Созақ ауданы прокурорының орынбасары Нұрсұлтан Талғатұлы соңғы уақытта аудан көлемінде жол-көлік оқиғасының жиі орын алып отырғанын тілге тиек етті. Жол апатының алдын алу мақсатында атқарылу керек жұмыстарды саралап, тарқата баяндады. Созақ аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Тұрсынбек Садуақасұлы өз кезегінде соңғы уақытта орын алған жол апаттарының себептері мен салдарын нақтылай түсті.
Күн тәртібінде қаралған мәселенің өзектілігіне айрықша тоқталған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков –«Соңғы уақыттарда жол көлік оқиғасы аядай ғана ауылдарда да тіркелуде. Көлік тізгіндеген азаматтарға, жастарға жол-көлік оқиғасы туралы, оның салдары мен алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жандандыру керек. Ол үшін алдымен ауылдық округ әкімдері мен жергілікті құқық қорғау органдарының қызметкерлері тығыз байланыста болуды ескертемін. Оқиғаның салдары орын алмас бұрын оның алдын алумен айналысу қажет»,-деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы ең алдымен бейнебақылау камерасының санын арттыруды қолға алды. Күре жолдарға шуылдақты жолақтар сызу қажеттігін айтып, жауаптыларға бұл бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ айып тұрақты талаптарға сай жабдықтау ісін де осы сәттен қолға алуды тапсырды.
Аудан прокуроры Ержан Қожабеков өз сөзінде қазіргі таңда жол-көлік оқиғалары, оның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай отырғанын айтып өтті. Жол қозғалыс оқиғасы өздігінен туындамайтынын және қозғалыс ережелерінің қандай да бір талаптарын сақтамағандықтан болатынын алға тартты. Оның алдын алу бағыты бойынша ұтымды ұсыныстар айтып, аудандық полиция бөліміне жол ережесін сақтау талаптары бойынша тиісті шаралар ұйымдастыруды тапсырды, деп хабарлайды Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.