1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты Асықата кентінде орналасқан «Үміт ұясы» күндіз болу орталығының Абай ауылдық округіндегі бөлімшесінде «Біз бақытты баламыз!» атты мерекелік іс-шарасы өтті.
Ерекше көңілді қажет ететін бүлдіршіндерді мерекемен құттықтау үшін мерекелік шараға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов қатысып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап сыйлықтар үлестірді.
«Бүлдіршіндерімізді «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен» шын жүректен құттықтаймын! Ата-ананың қуанышы баласының бақытты болуы. Балалар – біздің көзіміздің нұры, еліміздің ертеңі. Болашақтарыңыз жарқын, аспандарыңыз ашық, дендеріңіз сау болсын! Балапандарды тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп жатқан барша ата-аналар мен тәлімгерлерге өз алғысымды білдіремін!» деді аудан басшысы өз құттықтауында.
Мерекелік шара барысында әннен шашу шашылып, тәрбиеленушілердің отбасылары арасында көңілді эстафета өтті. Бүлдіршіндер себеттерге доп лақтырып, түрлі суреттер салып жарысты. Ұстаздар мен ата-аналардың қолөнер көрмелері көпшілік назарына ұсынылды.
Әр баламен жеке-жеке жұмыс жасайтын аудандағы «Психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арналған «Үміт ұясы», «Балдаурен» күндіз болу орталықтарында білікті мамандар соңғы емдік әдістерді пайдалана отырып, балаларға кешенді медициналық-әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіп, сауықтыру шараларын жүргізеді. Кешенді ем еркеше балалардың дамып жетілуіне, қозғалыс пен сөйлеудегі көрсеткіштерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
«Бүгін халықаралық балалар қорғау күніне байланысты аудан көлемінде көптеген іс-шаралар өтуде. Оның ішінде біздің бөлімге қарасты ерекше көңіл мен мейірімді қажет ететін «Үміт ұясы» күндіз болу орталығында арнайы іс-шара өткізіп отырмыз. Бұл мерекені балалар асыға күтетінін болғандықтан есепке алынған 415 мүгедектігі бар балаларға аудан әкімдігі, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалы мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен, демеушілердің заттай және қаржылай көмегінің қолдауымен, мекеме қызметкерлерінің қатысуымен әрбір мерекелік шараларда дастархан жайылып, балаларға киім-кешектер, азық-түліктер мен түрлі сый-сияпаттар жасалуда» дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлан Райымбеков.
Айта кетейік, бүгінде аудандағы мүгедектігі бар 1267 баланың 415-не аталмыш бөлім әлеуметтік қызмет көрсетеді. Оның 116-сы психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арналған «Үміт ұясы», «Балдаурен» күндіз болу орталықтарында жартылай стационарлық қызмет түрін алса, 299-на үйде аранаулы әлеуметтік қызмет түрі көрсетіледі.
