Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Дағдарыс жағдайларындағы әрекет ету орталығында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық және ведомстволық бағынысты құрылымдарының өкілдерінің қатысуымен «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық жөніндегі жұмыс кеңесі өткізілді. Кеңестің негізгі мақсаты – алдағы 23-24 шілде күндері еліміздің оңтүстік өңірінде өтетін ауқымды оқу-жаттығу іс-шарасын жоғары деңгейде ұйымдастыру бойынша нақты шараларды айқындау және үйлестіру.
Кеңес жұмысына ҚР ТЖМ басшылық өкілдері, Шымкент қаласы әкімдігінің жауапты қызметкерлері, сондай-ақ Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан шақырылған төтенше жағдайлар саласының мамандары қатысты. Оқу-жаттығуға орталық және жергілікті атқарушы органдармен қатар, апаттар медицинасы орталығы, ІІМ және қорғаныс құрылымдарының бөлімшелері де тартылатын болады. Сондықтан да барлық мүдделі тараптардың өзара іс-қимылы мен әрекет ету алгоритмдерін алдын ала пысықтау аса маңызды.
Кеңес барысында азаматтық қорғау саласындағы күштердің өзара үйлесімді іс-қимыл жасау деңгейіне, төтенше жағдайда шұғыл әрекет етуге әзірлікке ерекше назар аударылды. Әсіресе жойқын жер сілкінісі жағдайында апаттық-құтқару қызметтерінің шұғыл ден қоюы, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету, халықты қауіпсіз жерге көшіру және уақытша орналастыру бойынша барлық шаралар егжей-тегжейлі талқыланды.
Сонымен қатар, оқу-жаттығуға қатысатын жеке құрам мен техниканың дайындығы, олардың логистикалық және техникалық қамтамасыз етілуі, жаттығу барысында қолданылатын арнайы құрал-жабдықтардың жағдайы мен жарамдылығы сарапқа салынды. Қатысушыларды уақытша орналастыру пункттерін орналастыру, шатырлы лагерьлер мен дала жағдайындағы тұрмысқа қажетті инфрақұрылым нысандарын ұйымдастыру, тамақпен, сумен және медициналық көмекпен қамтамасыз ету де назардан тыс қалған жоқ.
Кеңесте жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметтері арасындағы үйлестіру тетіктері, байланыс және ақпарат алмасу арналарын ұйымдастыру мәселелері де талқыланды. Қиын жағдайларда шұғыл шешім қабылдау үшін басқару құрылымдарының тиімділігі мен жедел әрекет ету жылдамдығы — оқу-жаттығудың табысты өтуінің басты шарты болып табылады.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, дайындық іс-шараларын белгіленген мерзімге дейін толық аяқтау, оқу-жаттығуға тартылатын күштер мен құралдардың орналасуын нақтылау, сценарийлердің практикалық қолданылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ оқу-жаттығу барысын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кең көлемде ақпараттық сүйемелдеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу жүктелді.
«Жер-2025» республикалық оқу-жаттығуы — төтенше жағдайларға ден қоюдың нақты моделін қалыптастыруға бағытталған маңызды стратегиялық шара. Оның табысты өткізілуі — азаматтық қорғау жүйесінің дайындығы мен тиімділігінің айғағы болмақ.
