• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

Жеке кәсіпкер МӘМС жүйесіне жарнаны қалай төлейді ?

Автор:admin

Ноя 4, 2023
Spread the love

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне толығымен қатыса алмай жатқандардың ішінде жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтар бар. Олар өз қызметкерлері үшін қандай көлемде аударым жасайды және жеңілдік санатына кіретін жұмыскерлер үшін төлем жасайды ма? Осы ретте, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев қойылған сұрақтарға жауап берді.

-Жеке кәсіпкер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға өз пайдасы  үшін қанша төлем төлейді?

-Жеке кәсіпкер мен жеке практикамен айналысатын азаматтар басқа да әлеуметтік аударымдармен қатар міндетті медициналық сақтандыруға белгіленген жарналарды төлейді.

2023 жылы осы санаттағы төлеушілер үшін жарналардың мөлшері ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын немесе ай сайын 4 900 теңгені құрады. (70 000*1,4) *5% = 4 900 теңге. Жеке кәсіпкер ретінде өзі үшін МӘМС төлемін екінші деңгейдегі банктің кез келген бөлімшесі,мобильді қосымшалар, «Қазпошта» АҚ, Касса 24 және Qiwi әмиян өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы төлем коды (ТК) – 122 аударуға болады.

Ескеретіні, жеке кәсіпкер ай сайын да, ұзақ мерзімге де алдын ала төлем жасайды. 2-3 жұмыс күні ішінде қаражаттың қайтарылуын міндетті түрде тексергені жөн. Егер ЖСН немесе аты-жөні, төлем сомасы дұрыс көрсетілмеген болса немесе 10 ЕТЖ-дан асатын аударым базасы асып кетсе, жарналар қайтарылуы мүмкін.

«МӘМС туралы» Заңның 28-бабы, 3 және 5-тармақтарына сәйкес төлеуші өзінің жалақысының 2%-ын жалдамалы қызметкер ретінде төлейді.

-Жеке кәсіпкер жұмыс берушілер ретінде медициналық сақтандыруға қанша төлейді?

-Егер жеке кәсіпкердің жалдамалы қызметкерлері болса, онда олар жұмыс беруші ретінде төлемдер бойынша жауапты болады.

Аударымдар (жұмыс беруші қаражаты есебінен) – қызметкерлердің жалақысының 3% мөлшерінде, бірақ 21 мың теңгеден аспайды. Жарналар (қызметкердің жалақысынан ұстап қалу) — қызметкерлердің жалақысынан 2% мөлшерінде, бірақ 14 мың теңгеден аспайды.

Мысалы, қызметкерге 2023 жылғы шілде айына 100 000 теңге сомасында жалақы есептелді. Бұл жағдайда қызметкер аударымдарының сомасы 2 мың теңгені құрайды, жұмыс беруші өз тарапынан 3 мың теңгені  121 төлем кодымен аударады. Яғни, әр қызметкердің жалақысының мөлшеріне байланысты болады.

-Егер жеке кәсіпкер жеңілдік санатына кіретін болса, МӘМС үшін ақы төлеу қажет пе?

-Жеке кәсіпкер өзі немесе оның жалдамалы қызметкерлері келесі санаттарда болған жағдайда жарналар мен аударымдарды төлемейді:

-балалар (18 жасқа дейінгі);

-зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;

-«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар;

-мүгедектер;

-орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын адамдар.

-Декреттік демалыстағы әйел жеке кәсіпкер болса, МӘМС үшін төлем жасауы керек пе?

-Егер әйел жеке кәсіпкер болса, онда ол өзі үшін 4 900 теңге мөлшерінде белгіленген жарнаны төлейді. Бұл санаттағы әйелдер жеңілдік санатына кәсіпкерлік немесе еңбек қызметін жүзеге асырмайтын, табысы жоқ кезде кіреді.

Жеке кәсіпкер жұмыс жасамаса (кірісі болмаса), онда салық органдарында кәсіпкерлігін тоқтата тұру үшін тиісті рәсімдерді жүргізу қажет.

Айта кетерлігі, мүгедектігі бар адамдар, зейнетақы алушылар МӘМС жарналарын төлеуден толық босатылған азаматтардың жеңілдік санатына кіреді.

-Жеке кәсіпкерге МӘМС жарналарын төлемегені үшін өсімпұл салынады ма?

-Иә. Төлем күнін қоса алғанда, мерзімі өткен әрбір күн үшін қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі. Өсімпұлды болдырмау үшін жалдамалы қызметкерлері болса, жарналар мен аударымдарды уақтылы төлеу қажет. Есепті кезеңнен кешіктірмей, яғни кірістер төленген айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмеу керек.

Мемлекеттік кіріс органдары (салық комитеті) аударымдар мен жарналардың уақтылы және толық есептелуіне және аударылуына бақылау жүргізеді.

Егер жеке кәсіпкер жарналарды және  аударымдарды төлеуден жалтарса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Жұмыс берушiлердiң, жеке кәсiпкерлердiң, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсiби медиаторлардың мiндеттi медициналық сақтандыруға аударымдарды және жарналарды төлемеуi, уақтылы және толық төлемеуi – ескерту жасауға әкеп соғады. Бір жыл ішінде ескерту қайталанған жағдайда айыппұл салынады. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне МӘМС жүйесі үшін уақтылы және толық төленбеген аударымдар және жарналар сомасының 20%-ы мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектілеріне-30% мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне-50% мөлшерінде айыппұл салынады.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика