Жаңа ауыл ауылдық округі аумағында орналасқан кәріз тазарту жүйесінен (КОС) шығатын жағымсыз иіс бойынша «Жетісай су» МКК тарапынан кәріз жүйелері тазартылып, Жаңа ауыл, Қарой, Ынтымақ, Атақоныс ауылдарының ауыз суының құрылысы өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. 2025 жылға өтпелі нысандарда жүргізілген қазба жұмыстары мердігер тарапынан ретке келтірілуде. Одан бөлек, Ынтымақ елді мекенінің Шойын, Астана, Көрікті, Қалтұрсын қажы көшелері ағымдағы жөндеуден өтсе, Әбдіхалық елді мекенінен жергілікті бюджет есебінен салынған футбол алаңшасы қолданысқа берілген.
Осы және өзге де өзекті мәселелер мен олардың шешілу жолдары аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың Жаңа ауыл ауылдық округі тұрғындарымен өткен кездесуінде айтылды.
Аталмыш жиынға аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров, аудандық мәслихат депутаттары Қаршыға Ақтөреева, Мақсат Айнабеков, Хамит Дүйсебаев, аудандық ішкі істер бөлімі басшысының бірінші орынбасары Есімжан Надиров пен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев, аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлімдердің, білім мен денсаулық сақтау саласының басшылары, газ және электр энергиясын жеткізуші мекеме өкілдері қатысты.
Сондай-ақ, аудан әкімінің тапсырмасымен Жаңа ауыл елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 11,8 шақырымды құрайтын М.Шаханов, Жоба, Атамекен, Назқоңыр, Жібек жолы, Ақмарал, Бұхар жырау, Қобыланды, Ақдала, Бейбітшілік көшелерін орта жөндеу жұмыстарын бастауға, Жаңа ауыл елді мекені мен Әз-Тәуке көшесіне түнгі жарықтар орнатуға тиісті қаржылар бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Қарой елді мекенінен медициналық пункт салу, ағын су науаларын (лоток) ретке келтіру, Б.Майлин атындағы №21 мектебін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, тік дренаждарды қалпына келтіру, Мырзашөл, Атақоныс, Әбдіқалық, Қарой, Жаңа ауыл елді мекендерінде газ құбырының құрылыстары, Атақоныс, Ынтымақ, Жаңа ауыл елді мекендеріндегі жаңа құрылыстарда электрмен жабдықтау және КТП орнату ісі қолға алынған.
«Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Президентіміздің Жолдауында еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына қатысты көптеген мәселелер қамтылған.
Біз де өз тарапымыздан қолға алынған бастамалар мен қабылданған бағдарламаларды басшылыққа алып, аянбай еңбек ететін боламыз. Өйткені, жергілікті биліктің ең басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету» деген аудан басшысы бірінші жарты жылдықта тұрғындар тарапынан көтерілген 11 мәселенің 7-нің қанағаттандырылғанын, 4-нің орындалу үстінде екенін айтты.
Тұрғындармен өткен кездесуден соң аудан басшысы жеке мәселелерімен келгендерді қабылдап, сұрақтарына жауап берді. Өтініштері мен ұсыныстарын бірге талқылады.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі