Жасөспірім құқық бұзушылық пен қылмысты ішімдік және есiрткi, психотроптық заттардың әсерінен жасайтындар көптеп кездесетіні де құпия емес. Мәселен, түнгі ойын-сауық орындарында жасөспірімдер алкогольдік ішімдіктің түрлісін ішіп, есiрткi, психотроптық заттарды қолдану әсерінен әр-түрлі құқық бұзушылыққа, қылмысқа баратын жағдайлар жиі кездеседі, өйткені ішімдік пен есірткі, өз кезегінде, оларды қылмыс жасауға итермелейді, ықпал етеді.
Елімізде кәмелетке толмаған жасөспірімнің ата-анасының бақылауынсыз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде жүруінің өзі әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады, ол үшін тіпті әкімшілік жаза да қарастырылған. Мәселен, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 442-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы – заңды өкілдеріне ескерту жасауға әкеп соғады.
Осы көрсетілген әкімшілік жазалар қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – заңды өкілдеріне жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын ескеру қажет.
Алайда, жоғарыда айтылған ережелерді жасөспірімдердің барлығы бірдей сақтай бермейді. Сол себептен кей жағдайларда, ата-анасының бақылауы жеткіліксіз болу салдарынан жасөспірімдер тұрғынжайдан тыс жерге кетіп, әр-қилы құқық бұзушылықтар мен қылмысқа барады.
Жасөспірімдер арасында болатын құқық бұзушылықтар мен кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты қылмыстың алдын алуға және болдырмауға, олардың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шара аудан көлемінде жалғасатынын хабарлаймыз.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі