Бүгінде мемлекет жастарды қолдауға, олардың білім алып, жұмысқа орналасуына, болашақ мамандығын дұрыс таңдауына ерекше назар аударып келеді. Осындай маңызды бастамалардың бірі ретінде Түркістан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» мен қалалық Мансап орталығының бірлесуімен Қуаныш сауда орталығында ұйымдастырылған Ашық есік күні іс-шарасын атап өтуге болады.
Аталған іс-шара «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында өткізілді. Бұл шараның негізгі мақсаты – жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне алғашқы еңбек жолын бастауға қолдау көрсету, оларды жұмыс беруші мекемелермен тікелей таныстыру және кәсіби бағдар беру арқылы еңбек нарығына бейімдеу.
Шара барысында қатысушыларға жастар практикасының шарттары мен артықшылықтары кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, бағдарлама аясында жастар өз мамандықтары бойынша 6 айға дейінгі мерзімге жұмысқа орналасып, тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болатыны айтылды. Сонымен қатар, бұл кезеңде жастар мемлекет тарапынан белгіленген айлық жалақы алады, әрі болашақта сол жұмыс орнында тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
Іс-шарада түрлі саладағы жұмыс беруші компаниялармен ашық диалог ұйымдастырылып, жастар нақты жұмыс орындары туралы сұрақтарын қойып, өз түйіндемелерін (резюме) тапсыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл жұмыс іздеуші жастар үшін үлкен мүмкіндік болды – олар жұмыс берушілермен бетпе-бет сөйлесіп, жұмыс талаптары мен кәсіби біліктілікке қойылатын талаптар жайында тікелей ақпарат алды.
Сонымен қатар, шара барысында Мансап орталығының мамандары жастарға мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру, жеке қабілеттерді анықтау, жұмыс сұхбатына дайындалу сияқты тақырыптарда практикалық кеңестер берді. Бұл кеңестер көптеген жас түлектерге өз болашағын нақты жоспарлауға көмектесті.
Ашық есік күніне қатысқан жастар өздеріне сай мамандықтарды анықтап, болашақ мансап жолын дұрыс құруға бағыт алды. Олардың көпшілігі өз әлеуетін толық іске асыруға дайын екенін көрсетіп, жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатуға ниет білдірді.
Бұл іс-шара жұмыссыз жүрген немесе тәжірибе жинауға ниетті жастар үшін үлкен мотивация болды. Жастардың белсенділігі мен қызығушылығы – осындай іс-шаралардың қаншалықты маңызды және пайдалы екенін тағы да дәлелдеді. Іс-шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, алдағы уақытта осындай форматтағы кездесулердің жиі өткізіліп тұруын сұрады.
Жастар практикасы – бұл жай ғана тәжірибе емес, бұл – үлкен өмірге бастар алғашқы қадам. Ал мұндай іс-шаралар – жастар мен еңбек нарығы арасындағы сенімді көпірге айналып отыр.