Биыл тұңғыш рет ұйымдастырылған жамбы атудан ересектер арасындағы Азия чемпионаты Шымкент қаласында ұйымдастырылды, деп хабарлайды R-FACTOR.KZ ақпарат агенттігі.
14-19 сәуір күндері 14 мемлекеттен келген 60 мерген үшінші мегаполисте ұлттық спорттан бақ сынады. Олар Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Оман, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Сауд Арабиясы, Сирия, Тайвань, Таиланд және Қазақстан мемлекетінің спортшылары.
Сары құрлықтан жиналған спортшылар дүбірлі додада «Мажар», «Корей», «Түркі» және «Қазақ» стильдері бойынша сынға түсті.
Жарыс қорытындысы:
«Мажар» стилі бойынша 1-орын: Сауд Арабиясының спортшысы Hisham Ali R Al-Tamimі;
«Корей» стилі бойынша 1-орын: Сауд Арабиясының спортшысы Hisham Ali R Al-Tamimі;
«Түркі» стилі бойынша 1-орын: Қазақстанның спортшысы Батыр Бексауыт;
«Жамбы» стилі бойынша 1-орын: Сауд Арабиясының спортшысы Hisham Ali R Al-Tamimі.
Чемпионатта 1-орын иеленген әр спортшыға 500 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталды. Ал, екінші орын алғандар 300 000 теңге алса, үшінші орынға жайғасқандарға 200 000 теңге берілді.
Чемпионатты Туризм және спорт министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі, Ұлттық спорт қауымдастығы, Жамбы ату федерациясының қолдауымен Азиялық жамбы ату федерациясы ұйымдастырып жатыр.
— Бас демеуші – «Самұрық-Қазына» қоры;
— Бас серіктес – Alageum electric компаниясы;
— Ақпараттық серіктес – Qazsport телеарнасы;
— Демеуші – «Спорт қоры» спортты қолдау қоры.
Ат үстінде садақ атудан Азия федерациясының басты мақсаты жамбы атуды 2030 жылы Дохада өтетін жазғы Азия ойындарының қатарына ену. Жиынға қатысушылар осы жолда бірлесіп, аянбай еңбек етуге келісті. Енді жамбы атудан жыл сайын дәстүрлі түрде Азия чемпионаты, Азия кубогі және халықаралық турнирлер өткізілетін болды. Ұлттық спортымызды халықаралық аренада дамытуға қызығушылық танытқан елдердің көп болуы бұл баршамыздың ортақ жеңісіміз.