Шымкент қаласында волонтерлер жазғы мектепте басқосты. Қаланың жоғары және орта оқу орнынан келген 100-ге жуық ерікті екі күнге созылатын іс-шарада белгілі тренерлердің қатысуымен «Soft skills» тұлғалық қабілетті дамыту, мобилография шеберлігі мен «Еріктілердің қоғамдағы рөлі» тақырыбында семинар-тренингтер ұйымдастырды. Еріктілер өзара тәжірибе алмасып, ортақ жобаларымен бөлісті.
Бұл іс-шара Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығының» қолдауымен биыл үшінші рет өтіп отыр. Волонтерлер осы мектепте алған білімдерін практикалық тұрғыда шыңдайды. Бүгінде қаламызда 15 мыңға жуық волонтер және 12 волонтерлік және қайырымдылық ұйымдары жұмыс істейді. Олардың дені жоғарғы оқу орындарының жастары.
– Мемлекет басшысы «Волонтерлік нақты істермен көрінетін патриотизмнің жоғары деңгейін білдіреді, деп айтып өткен болатын. «Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – көне заманнан келе жатқан дәстүр. Бұл дәстүрді міндетті түрде сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын АСАР дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету», Отанға деген махаббат үлкен ұрандар мен бос декларациялар емес, бұл – күнделікті еңбек, соның ішінде халықтың игілігі үшін шынайы атқарылатын қайырымды істер» деп атап өтті. Қазіргі таңда ерікті жастардың атқарып жүрген игілікті істері өте көп. Кез келген жұмысын алып қарасақ, мемлекеттік қызметті атқарғанмен пара-пар. Сіздердің ел дамуы жолында атқарған қызметтеріңізге алғыс білдіремін, – деді Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Серғазы Кәрімұлы.