• Вт. Ноя 26th, 2024
Популярные метки

ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫҢ АТА-АНАЛАРЫНА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Автор:admin

Авг 10, 2023
Spread the love
Шымкентте «Ерекше балалардың ата-аналары» одағының ұйымдастырумен одаққа мүше ата-аналардың жиыны өтті. Жиын барысында ерекше бала асыраушы отбасылардың мұң-мұқтажы мен шешімін таппай жүрген мәселелері тыңдалды.
–Біз ерікті ата-аналар қоғамы болып жыл сайын дәстүрлі түрде мерекелік кештер, сұхбаттар өткізіп тұрамыз. Бүгінгі жиын барысында ата-аналарға жаңа оқу жылы қарсаңында демеушіміз «Биік» кеңсе тауарлары иесі атынан 10 пайыздық жеңілдік құжаттарын тараттық. Сондай-ақ жаңадан қосылған ата-аналармен танысып, олармен сұхбаттастық. Қала әкімінің қолдауымен қазіргі таңда көптеген кәсіпкерлер және басқармалармен меморандумға қол қойғанбыз. Олар бізге қолдау көрсетіп, көмектесіп отырады. Мысалы театрларға, концерттерге тегін жолдамалар, сондай-ақ азық-түлікпен, жөргектермен, дәрі-дәрмектермен қамтып, барынша көмек беріп келеді,– дейді одақ төрайымы Гүлмира Үсенбекова.
Одаққа мүше болған ата-аналар мұнда өз тәжірибелерімен де бөлісіп отырады. Қоғамнан шеттетілгендей күй кешкен аналар ерікті қызметіне араласқалы көңіл-күйіде жақсарып, жалғыз еместігін түсінген.
–Мен көпбалалы жалғызбасты анамын. Ата-аналардың ватсап желісінде өз тобы бар. Сонда балалардың ем-шаралары, қай жерде, қалай емделіп жатқандығы туралы ақпараттармен бөлісіп отырамыз. Жасыратыны жоқ кейде баламен қайда, қандай ем қабылдау қажеттігін де түсінбей абдырап қаламыз. Сондай кездерде бір-бірімізге көмекшіміз. Заң тұрғысынан да психологиялық, медициналық көмектер бізге ауадай қажет. Осының бәрін біз есік қағып сандалмай, Гүлмира ханымға айтып кеңес сұрап отырамыз. Мен өзім осы одаққа келгеннен кейін көңіл-күйім көтеріліп, айналама қарай бастадым. Бір-бірімізді түсініп, қолдап, театр, музейлерге, табиғат аясына серуенге барып тұрамыз. Бүгінгі беріліп жатқан жеңілдік те бізге үлкен көмек,–дейді Зарина Дәуітова.
Айта кетейік, «Ерекше балалардың ата-аналары» – одағы республика бойынша көптеген өңірлерде жұмыс істейді. Оған жеке басын растайтын куәлікпен тіркеліп, ерікті болуға немесе қажетті ақпараттар алып отыруға болады. Шымкент қаласы бойынша бұл одаққа 70-тен аса ерекше балалардың ата-аналары тіркелген.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика