19 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңес өтті. Президент кеңесте сөйлеген сөзінде ұлттың дені сау және сауатты болуы – өте маңызды мәселе екендігін қадап айтты. «Ең алдымен, адамдарға сапалы медицина қолжетімді болуы қажет. Денсаулық сақтау жүйесінде шешімін таппаған мәселе өте көп. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі осы саланы дамытуға тың серпін береді деп үміттенеміз. Алайда, бұл жүйедегі қаржы айналымына бақылау жасалмайды» деді Президент.
Президент ақпараттандыру деңгейінің төмендігі медицина қызметкерлеріне түсетін жүктеменің айтарлықтай артуына әкелгенін атап өтті. Медициналық сақтандыру қорының өңірлік комиссияларының қызметі ашық емес, бұл денсаулық сақтау шығындарының өсуіне әкеледі.
Медициналық көмекті бақылаусыз тұтыну фонында қымбат тұратын диагностикалық қызметтердің саны 11 есеге өсті. Мемлекет басшысы былтыр жыл соңында еліміздің ауруханаларында қаражат тапшылығы сезілгенін, мұнан бөлек дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесінде сыбайлас жемқорлық қаупі бар екенін де айтып, осы сөздерімен барлық мәселе өз назарынан тыс қалмайтындығын білдірді. Президент осы уақытқа дейін медицина ұйымдары дәрі-дәрмекке қажеттілікті өзі «жасанды жолмен» қалыптастыратынын, медициналық құрал-жабдықтардың жиі қымбаттайтынын, денсаулық сақтаудың интеграциялық платформасын іске қосу мәселесі әлі шешілмегенін мәлімдеді. Бұл тұрғыда Үкімет тарапынан жұмыстардың жасалып жатқанын, алайда, оларды тиімді және жедел жүзеге асыру маңыздылығы да күн тәртібінде болуы тиістігі ескертілді.
Шын мәнінде, денсаулық сақтау саласы мен экономика өте тығыз байланысты. Ұлт саулығы экономика дамуы үшін маңызды рөль атқаратынын ғалымдарымыз дәлелдеген. Денсаулығы жақсы адамдардың жұмыс өнімділігі жоғары және олар экономика мен қоғам дамуына үлкен үлес қосады. Сапасы жоғары медициналық қызмет қана тұрғындардың саулығын жақсартады. Ал, ауруды уақытында емдету – денсаулықтың үнемі мықты болып жүруіне септігін тигізеді. Ауырып ем іздемей, ауырмайтын жол іздеуді әр адам өзіне мақсат тұтса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ұ.ЖҰРЫМБЕТОВА,
Мақтаарал аудандық «Атакент» ауруханасының бас дәрігері.