АЭС (Атом электр станциясы) отын ретінде өте аз мөлшерде уранды пайдаланып, өте көп мөлшерде энергия өндіреді. 20 ғасырдың ортасында уран мен плутонийдің ядроларын бөлу арқылы аз шығындалып көп энергия алу мүмкіндігі пайда болды. Яғни, ядролық реакторда уран ядроларын ыдырату арқылы жүргізілетін ядролық реакция нәтижесінде электр энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын көп мөлшерде жылу бөлінеді. Көптеген елдерде атом электр станциялары өнеркәсіптік және тұтынушылық мақсатта қолданылатын электр энергиясымен қамтамасыз ететін негізгі көздердің бірі болып табылады.
АЭС пайдалану – бүгінгі глобализация үдерісіндегі әлемнің ең өзекті, сонымен қатар қарама-қайшылығы көп мәселесінің бірі. Ядролық энергияның тиімділігі мен тұрақтылығы біраз елге оны таза энергия көзі ретінде қолдануға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Десе де әлем назарында күні бүгінге дейін үлкен сұрақ болып тұрған бір мәселе бар. Ол – атом энергиясының қаупі мен радиоактив қалдықтарды реттеудің қиындығы. Әлемнен шет қалып, жабық мемлекет болып өмір сүріп жатқан түгіміз жоқ. Әлем ортақ, жер ортақ. Енді бұл сауал қазір бізге де қойылып отыр. Қазақстан үшін де АЭС салу мәселесі өзекті.
2024 жылы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы» Жарлыққа қол қойды.
Атом энергиясының басты ұтымды тұсы – оның экономикалық тиімділігі. Мұнай мен газ бағасы тұрақсыз болғандықтан, біраз мемлекет энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрақты энергия көзіне көшуді қарастырып отыр. АЭС-тің бір артықшылығы сол, тұрақты әрі ұзақ мерзімді энергия көзін қамтамасыз етеді. Ол мұнай, газ, көмір сияқты пайдалы қазба байлығына қарағанда, әлдеқайда пайдалырақ. Сосын ұзақ уақыт бойы жарамды.
Атом электр станциясы көмірқышқыл газының эмиссиясын әжептеуір азайтады. Яғни бұл жердегі «эмиссия» деп отырғанымыз – СО2-нің топырақ бетінен атмосфераға баруын сипаттайтын үдеріс. Біз сүйенген дереккөздегі мәлімет бойынша, сарапшылар АЭС-ті парниктік газдың атмосфераға кетуімен күресетін бірден-бір тәсіл ретінде қарастырады.
Жалпы әлемдік сарапшылар қазіргі АЭС-тер апаттық жағдайларды болдырмау үшін дамыған технологиялармен жабдықталса да, табиғи апат пен адами факторға байланысты тәуекелдің әлі де бар екенін жоққа шығармайды.
АЭС-тің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін технологиялық инновациялармен қоса, қатаң құқықтық ережелерді әрі экологиялық нормаларды сақтау қажет.
Ғалымдардың қазіргі дерегіне сүйенсек, жаңа тұжырымдама бойынша бой көтеретін АЭС-терде ақау пайда болуы миллиондаған жылда бір-ақ рет орын алатын көрінеді. Өйткені, құрылысқа жұмсалатын қаржының жартысына жуығы дәл осы қауіпсіздік бағытына жаратылады екен. Оған қолданылған су да ашық су айдынына құйылмайды. Сонымен қатар, АЭС құрылысына бағытталатын қаржының жұмсалуын МАГАТЭ сынды әлемдік ұйымдар бақылайтынын ескерсек, қандай да бір қаржылық тәуекелдердің орын алу ықтималдығы төмендейтінін ұғамыз.
Қазақстанда АЭС салу қажеттілігі бірнеше негізгі себептерге байланысты. Біріншіден, елдің экономикалық өсуі мен халық санының артуы электр энергиясына деген сұранысты арттырып отыр.
Екінші мәселе — елдегі ескірген энергетикалық инфрақұрылымның тозуы. Әсіресе көмірмен жұмыс істейтін станциялар экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып барады. 2023 жылы Қазақстан Ресейден 3,4 миллиард кВт·сағ электр энергиясын импорттап, бұл елдегі электр энергиясының 20%-ын құрады.Осыған байланысты, АЭС тұрақты әрі сенімді энергия көзі ретінде қарастырылып отыр.
Үшіншіден, АЭС-тің құрылысы Қазақстанның көмір мен газға тәуелділігін төмендетіп, атмосфераға бөлінетін көміртегі шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай станциялар экологиялық таза әрі тұрақты энергия көзі ретінде елдің парниктік газдарды азайту бойынша халықаралық міндеттемелерін орындауына көмектеседі. 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына жету Қазақстанның басты экологиялық мақсаттарының бірі.
Елімізде АЭС салынбаса, ел бірқатар экологиялық және экономикалық тәуекелдермен бетпе-бет келуі мүмкін. Энергияның тапшылығы артуы арқасында еліміздің басқа елдерге тәуелділігі күшейеді. Сондықтан АЭС мәселесін уақтылы және тиімді шешу Қазақстанның энергетикалық тұрақтылығы үшін маңызды қадам деп айтсақ қате емес.
АЭС – күнделікті өмірде қолданып жүрген электр энергиясын алудың тиімді бір жолы.
Ұ.Маймақова
R-FACTOR.KZ ақпарат агенттігі, журналист-саяси шолушы, Заңгер