4 маусым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Астана қаласының оқушылары «Әнұраным – айбыным» атты челлендж бастаған болатын. Бастамаға 5-6 жас аралығындағы 50 шақты бүлдіршін атсалысып, Шымкент, Алматы қалаларына жолдады. Шымкенттік балалар ел тарихындағы маңызды мерекеге арналған челленджді қуана қолдады.
Тәуелсіздігімізді айшықтайтын ұлттық символдарымызға биыл 32 жыл толып отыр. 1992 жылы Ту, Елтаңба және Әнұранымызды таңдау үшін Жоғарғы кеңес президиумы жұмыс тобын құрды. Осыдан кейін ел аумағында конкурс жарияланды. Бір ғана тудың өзіне 600 адамнан 1 мыңнан аса нұсқа түскен. Ал Елтаңбаның 245 жобасы, әнұранның 750 үлгісі байқауға қатысқан. Ту, Елтаңба және Әнұран бүгінде мемлекетіміздің егемендігі мен тұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас атрибуттарының біріне айналды. 2007 жылы 4 маусымда қабылданған «Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық Заңға сәйкес, жыл сайын дәл осы күні Мемлекеттік рәміздер күні мерекеленеді. Бүгінде еліміздің әр аймағында бірқатар іс-шара жоспарланған. Мерекелік концерттер, түрлі байқаулар мен патриоттық кештер өтеді. Маусымның алғашқы күндерінен бастап, елорда да арнайы челенддж өтіп жатыр. Тұрғын үйлер мен ғимараттардың балконы мен терезелеріне Мемлекеттік Ту ілінеді.
Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруға тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Ендеше Туымыз тұғыранан түспей, Елтаңбамыз елдігімізді танытып, Әнұранымыз шалықтай берсін деген тілек айтамыз.