Еліміздің бас қаласынан келген Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ақпараттық-насихат тобы Оңтүстіктің киелі өлкесі Түркістан қаласында өз жұмысын жалғастыруда.
Құқықтық тәртіп әскерінің бас тәрбиешісі Халық қаһарманы генерал-майор Қайрат Үмбетов жергілікті Түркістан телеарнасының «Тұран төрінде», «Жаңа толқын» бағдарламасында сұхбат беріп, еркіндігіміз бен тыныштығымызды күзеткен ұландардың қызметі жайлы, жастарды Отан қорғау ісіне, патриотизмге тәрбиелеу және бүгінде еліміздің әр аймағын аралап, әскери әндермен жалынды жастардың рухын көтеріп жүрген Ұлттық ұланның ән-би ансамблінің шығармашылығы туралы әңгімелеп берді.
Түркістан төріндегі сапарында Халық қаһарманы генерал-майор Қайрат Үмбетов тыл ардагері, мемлекетіміздің ішкі істер қызметіне еңбегі сіңген Қазақстан Республикасының «Құрметті азаматы» байқауының жеңімпазы, ақын-жазушы 30-ға жуық кітаптардың авторы Шаймерден Айтпенбетовтің шаңырағына барды. Қадірлі ақсақалдың отбасы құрметпен келген меймандарды халқымыздың қонақжайлылығын білдіретін даладай кең дастарханмен қарсы алды. Алыстан 6 жасар бала келсе амандасатын дана халқымыздың асыл қасиетін бағалайтын ақсақалдың өзі ғана емес отбасы да арқа-жарқа әңгіме дүкен құрып, ел қорғаған ұландарды бастаған азаматтарға сый-құрметін аямады. Бүгінде отбасындағы немере, шөберелерінің сүйікті атасы, қазыналы қариясы боп отырған ардагердің қажырлы қызметімен, шығармашылығымен танысқан генерал-майор Қайрат Жарылқасынұлы да, кезінде ел игілігі үшін еткен ерен еңбегіне шексіз ризашылығын білдіріп, алғыс хатпен арнайы сыйлықтарын табыстады.
Алдағы күндері Ұлттық ұланның ән-би ансамблінің өнерпаздары киелі өңірді әуезді әнмен әуелетіп, гала-концерт ұсынатын болады.