1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Бәйдібек ауданында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды. Шара аясында аудан бойынша 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 354 балаға оқу-жазу құралдарымен толық жабдықталған мектеп сөмкелері сыйға берілді.
Игілікті шара барысында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қырғызалиев Бақыт Тұрсынәліұлы балаларды мерекемен құттықтап, оларға мектеп сөмкелерін жеке өзі табыстады. Өз сөзінде ол балалардың жарқын болашағы үшін жасалып жатқан әрбір қолдаудың маңыздылығына тоқталып, олардың білім алуы мен дамуына барынша жағдай жасау – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Аталған қайырымдылық бастама балалардың оқу процесіне бейімделуіне қолдау көрсетіп, әлеуметтік қамқорлықты арттыруды көздейді. Шараға Бәйдібек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсету аудандық аумақтық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен «үйдегі арнаулы әлеуметтік күтім» қызметін алушы балалар да қатысты.
Мерекелік іс-шара ерекше көңіл-күй сыйлап, балалар мен ата-аналардың алғысына бөленді.
