Еліміз тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту мәселесіне жiтi назар аударды. Ортақ шаңырағымызда татулықты сақтап, түрлі ұлт пен дін өкілдерінің жан дүниесіне деген өзара түсіністік пен сенімнің арқасында біз әлемдiк қауымдастыққа ұлтаралық және конфессияаралық толеранттылығымызбен танылдық. Елiмiз түрлi тарихи кезеңде қалыптасқан мәдени әралуандылығымен ерекшеленеді. Қазақстанды «өркениеттер тоғысы» деп орынды атайды. Қазақстан әлемдегі ең ірі діндер – ислам, христиан және буддизм арасындағы табиғи шекара. Ғасырлар бойы мұнда әртүрлі халықтар мен ұлыстардың өкілдері бірге тұрып, еңбек етіп келеді. Мұнда өркендеуге ықпал еткен берік мәдени және экономикалық байланыстар қалыптасты. Осындай жағдайда дүниежүзілік тарихтың ең күрделі кезеңдерінің бірінде бостандыққа қол жеткізген жас тәуелсіз республиканың мәңгілік құндылығы – Қазақстанның көп ұлтты және конфессиялы халқы, ең бай рухани мәдениеті, адамгершілік қасиеттерінің жиынтығы бар. Осы орайда мемлекеттің маңызды басымдықтарының бірі ұлтаралық және конфессияаралық келісім болды.
Барлық этностар бүгінде біртұтас Қазақстан халқының құрамдас бөлігі болып табылады. Олардың әрқайсысы еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Тәуелсіздік жылдарында этностар республиканың тұрақтылығы мен қуаттылығының сенімді тірегіне, Қазақстан мен тарихи отаны арасындағы халықтық дипломатияның көпірі болды
Осы орайда этносаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін бірегей қоғамдық-саяси институт ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы (бұдан әрі – ҚХА) елеулі рөл атқарды. Аталған институт елiмiздегi этнос өкілдерінің ана тілі мен мәдениетін пайдалануға конституциялық құқықтарын жүзеге асыру мәселелерін шешу және елдегі ұлттық саясаттың стратегиялық міндеттерін әзірлеу мақсатында құрылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі мақсаты – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, плюрализм, елде тұратын этностардың мәдениеттерін, дәстүрлерін, тілдерін дамыту сияқты қағидаттар негізінде этносаралық қатынастарды үйлестіру, мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз ету және мемлекет пен қоғам арасында тұрақты қарым-қатынас орнату. ҚХА өкiлдiктерi еліміздің барлық өңірлерінде («Достық» үйлері, ақсақалдар кеңесі, ғылыми-сарапшылық топ, аналар кеңесі, «Қоғамдық келісім» мекемесi, ЭМБ cынды және т.б.) жұмыс істейді…
Корганова Саипжамал, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі, философия ғылымдарының кандидаты.