• Пт. Июн 13th, 2025
Популярные метки

БІРЛІК ПЕН ДАМУ ЖОЛЫНДАҒЫ 30 ЖЫЛ

Автор:admin

Июн 12, 2025
Spread the love

Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік пен даму жолындағы 30 жыл» тақырыбында VI сессиясы өтті.
Жиынды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек ашып, жүргізді.
Сессия барысында сөз алған қала әкімі, қалалық ҚХА төрағасы Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков Қазақстан халқы Ассамблеясының елдегі бейбітшілік пен татулықты сақтаудағы маңызды рөліне тоқталып, оның үш онжылдықта жеткен жетістіктерін атап өтті.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздегі ұлтаралық келісім мен бірліктің берік тұғыры. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, этникалық алуан түрлілік – халқымыздың баға жетпес байлығы. Біз бұл құндылықты қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың негізі ете білуіміз керек. Бүгінде қаламызда түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, ортақ мүдде жолында еңбек етуде. Бұл – бірліктің нақты көрінісі. Ең бастысы – ел азаматтарының бір-біріне деген құрметі мен сенімі, ортақ Отан алдындағы жауапкершілігі артып келеді. Ассамблея осы құндылықтарды сақтауға әрі нығайтуға зор үлес қосуда, – деді қала әкімі.
Сессия барысында қалалық ҚХА төрағасының жаңа қоғамдық негіздегі екі орынбасары таныстырылды. Бұл лауазымдарға Юрий Пан мен Тахирбек Нишанбаев тағайындалды. Бұған дейін төраға орынбасары болған Тимур Казьминге атқарған еңбегі үшін алғыс білдірілді.
Жиынға қалалық мәслихат төрағасы мен депутаттар, аудан әкімдері, құқық қорғау органдары мен басқармалардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылым жетекшілері, діни конфессия өкілдері, БАҚ өкілдері қатысты.
Сессияда түрлі сала өкілдері сөз сөйлеп, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтау жолындағы ұсыныстарын ортаға салды. Қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Досыбай Шерімқұлов жастарды салт-дәстүрге баулу мен бірлік идеясын отбасы мен білім беру ошақтарында нығайтудың маңызын қозғады. Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің директоры Гүлмира Тағаева 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына орай колледжде қолға алынған нақты жобаларға тоқталып, білім мен еңбекке негізделген қоғамды қалыптастыру жолында жасалып жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Этносаралық мәселелердегі құқықтық тетік – медиация туралы қалалық соттың судьясы Еркен Отарбаев айтып, этномедиацияның тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстарын бөлісті. Мемлекеттік тілді меңгеру арқылы қоғамда рухани жақындасу мен түсіністікті арттыру жолдарын тілге тиек еткен қалалық корей этномәдени бірлестігінің мүшесі, ұстаз Елена Ли – қазақ тілінің ұлт пен ұлысты біріктіретін күшке айналғанын атап өтті. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенті, «Бірлік» жастар ұйымының төрайымы Нурхаят Байрамова жастардың қоғамдық белсенділігі мен патриоттық тәрбиесі жөнінде сөз сөйлеп, жастардың елдік іске араласуы қоғамның болашағына тікелей әсер ететінін айтты.
Сессияны қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қорытындылап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
– Бүгінгі сессия – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық қызметін саралап, жаңа міндеттерді айқындау тұрғысынан маңызды кезең. Біз бірлік пен келісімнің қазақстандық моделінің өміршең екенін тағы да дәлелдедік. Қалалық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңістігін кеңейту үшін жастармен жүйелі жұмыс жүргізу, этномәдени бірлестіктердің әлеуетін арттыру, ақпараттық кеңістікте бейбітшілік идеяларын кеңінен насихаттау – басты міндетіміз.
Бүгінде Шымкент қаласында 16 этномәдени бірлестік пен 7 қоғамдық құрылым белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Бұл құрылымдар қаланың әлеуметтік-мәдени өміріне етене араласып, татулық пен бірлікті сақтауға сүбелі үлес қосуда. Осы әлеуетті тиімді пайдалана отырып, ел бірлігін нығайтуға бағытталған жобаларды одан әрі жандандыруымыз қажет.
Ассамблея – бұл тек диалог алаңы емес, нақты іске ұйытқы болатын құрылым. Сондықтан біз әрбір сөзімізді нақты нәтижеге жеткізетін әрекетке айналдыруымыз керек. Жастардың идеологиялық тәрбиесін күшейту, патриоттық бастамаларды қолдау, салт-дәстүр мен мемлекеттік тілді дәріптеу – бұл болашақтың мызғымас іргетасы.
Бүгін қабылданған ұсыныстар мен бастамалар алдағы жұмысымызға бағдар болады деп сенемін. Ел бірлігі мен қоғамдық келісім – біздің тұрақты дамуымыздың басты кепілі. Бұл құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау – бәріміздің ортақ парызымыз, – деді қала басшысы.
Қоғамдық келісім баспасөз қызметі
#ҚХА30жыл #30летАНК #Шымкент #Shymkent

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика