• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

«БОЛАШАҚҚА ҮМІТ, ЖАСТАРҒА СЕНІМ» АТТЫ МОТИВАЦИЯЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ.

Автор:admin

Авг 21, 2024
Spread the love

Сауран ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ— нің ұйымдастыруымен «Болашаққа үміт, жастарға сенім» атты мотивациялық кездесу өткізілді.
Аталған шараның басты мақсаты—қоғамдағы отбасы мәртебесін арттыру, әйелдердің тұлғалық дамуына үлгі, өнеге көрсету және рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы жастарға күш-жігер беру.
Отбасы – адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі. Шаңырағы биiк, босағасы берiк отбасы қоғамның тұрақты дамуының және мемлекеттiң өсiп-өркендеуiне, болашағы бiртұтас, «Мәңгiлiк Ел» болу жолында нығая түсуiне өлшеусiз үлес қосады. Тек берiк отбасылық дәстүрлерi орныққан ел ғана мығым әлi мызғымас ел бола алады.
«Отан отбасынан басталады» демекші, қазақ халқы қашанда отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. Ер азамат-отбасының тірегі, қорғаушысы, жауапты тұлғасы, ал әйел-ана — шаңырақтың берекесі, тірегі саналса, балалар-өміріміздің жалғасы. Адам өмірінің мазмұны, әрбір тұлғаның ең асылы, өмір сүрудің басты қағидаты отбасы құндылықтарын келер ұрпақтың бойына сіңіру арқылы біздер ұлттық келбетімізді сақтап қалатынымыз анық. Отбасылық құндылықтардың ішінде тәрбие де, мәдениет те, әдеп те, салт пен дәстүр де бар. Өйткені отбасы-тұрақтылық тірегі, ал өнегелі отбасы-қоғамның байлығы саналады.
Қазір әлем үлкен өзгерістерді бастан кешуде. Жаһандану дәуірінде отбасылық құндылықтарды сақтаудың маңызы артып келеді. Соңғы онжылдықтарда отбасы институты дәстүрлі қалпынан айнып, елімізде некелесудің азаюы, азаматтардың отбасы құруға асықпауы, бала туудың көрсеткішінің кемуі, азаматтық неке және дәстүрге қайшы неке түрлерінің пайда болуы сынды жағдайлар қалыпты қабылдана бастады. Ал халқымыздың рухани құндылықтары алдымен отбасылық дәстүрлер арқылы берілетіндігі баршаға белгілі. Біздің қоғамда отбасы рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болды және солай болып қала бермек. Сондықтан отбасының жарасымдылығы арқылы жұбайлық өмірдің жауапкершілігі мен балаларға, аға буынға ұдайы қамқор болудың маңыздылығын жастар жадынан сіңірудің өзектілігі артып отыр.
Қазір біздің қоғамда баяғы дәстүрдегі«әйелдің орны ошақ қасы», «еркек сөйлеп жатқанда сөйлеме» тағы да басқа айтылатын рухани кедергілердің әлі де барын көзбен көріп те жүрміз. Тіпті етіміз үйреніп те кеткен. Алайда көзі ашық көкірегі ояу болу нәсілге қараған емес, қарамайды да. Себебі қазір қоғамда белгілі бір мекемеге басшылық етіп жүрген, сабақ беріп, ұстаздық етіп жүрген, одан қалды көлік мініп шаруашылықпен айналысып жүрген әйелдер де жетерлік.
Қоғамдағы отбасы құрған жастар арасындағы кикілжіннің көбісі осы мәселеге тіреліп жатыр. Отбасында әйелмен кеңесіп, оның көзқарасымен, ойымен санаспайды. Тіпті, психологиялық та, физикалық түрде де күйеуінен зәбір көріп жүрген келіншектердің саны да артуда. Одан қалды әйелін тек туыс-туғандарымен араластырып, жұмысжасатпай үйге қамап қоятын ер азаматтар да өкінішке орай баршылық.
Негізінде отбасындағы теңдік ол әйелге көрсетілген құрметтің белгісі. Себебі әйел адам – отбасының ұйытқысы, берекесі. Ғабит Мүсірепов айтқандай «Қазақ әйелі аз ғана жәрдем бергеніңді ұмытпайды, тез еселеп қайтаруға тырысады».Әйелге көрсетілген өолдау күллі әлемді өзгертуге себін тигізері анық.
Әйел тағдыры – қай заманда да өзекті мәселелердің бірі. Әдебиет пен адамзат қоғамы бір-бірімен тығыз байланыста болғандықтан, ақын-жазушылар адами құндылықтарды жазудан бас тарта алмайды. Онсыз шығармашылық тұлғаның дамуы да болмайды. Бұл ретте қазақтың көрнекті қаламгерлері де адам факторын басты нысан етіп алған.
Қазақстанда соңғы он жылдықта әйелдер мен ер адамдардың қоғамда құқығы мен мүмкіндіктерінің тең болуы үшін жасалған шаралар легі артып келеді. Құқықтық және институттық негіздердің жеткілікті болуы осының дәлелі, сондай-ақ еліміздегі гендерлік теңдікті жетілдірудің статистикалық мәліметтері мен көрсеткіштері анғұрлым жақсы. Қазіргі таңда Қазақстан адам құқықтары бойынша 60 халықаралық келісімшартқа қол қойған. «Ерлер мен әйелдердің теңдей құқығы мен бірдей мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілі мен тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» және басқа да заңдар қабылданды.
Еліміздегі аналардың көпшілігі айлық еңбекақысы төмен жұмыстарда істейді, нақтырақ айтсақ, білім және денсаулық сақтау саласы, сонымен қатар тамақтану, қаржы және сақтандыру секторында қызмет етеді.
Дегенмен экономикалық сферада әйелдер жұмыссыздығы азайып келеді. Әйелдердің кәсіпкерлікті дамытуы өз алдына, отандық кәсіптің 50 пайызы әйелдердің қолында, 10 жыл бұрын көрсеткіш 38 пайыз болатын.
Қазақстанда гендерлік саясатты жүзеге асыруда мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары бірлесе жұмыс жасау керек, үкіметтік емес ұйымдар, әсіресе әйел құқықтары жөніндегі ҮЕҰ белсене араласуы керек. Әйелдер істері жөніндегі үкіметтік емес ұйымдар әйелдерге әлеуметтік салада көмек көрсетеді, кәсіпкерлікті дамытуға көмек қолын созды, әйелдердің көшбасшылығын арттырып, отбасы құндылықтарын арттыру мен гендерлік білімін жоғарылату, халықтың өсіп-өну денсаулығын сақтау, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты азайтуда бірқатар шаралар атқарды.
Гендерлік теңдікті жүзеге асыруда жағымды жаңалықтар болғанмен, іс жүзінде әлі де кедергілер көп. Біріншісі, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық. «БҰҰ әйелдер» мәліметтері бойынша Қазақстанда жыл сайын 500 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмады. Аса ауыр зорлық-зомбылықтың 30-40 пайызы отбасында орын алады. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан халықтың хабардар болу деңгейі» зерттеуінің нәтижесіне сүйенсек, отбасындағы кең тараған зорлық – моральды-психологиялық тұрғыда. Екінші орында – физикалық зақымдау, үшінші орында – экономикалық, ал төртінші орында – сексуалдық зорлық-зомбылық орын алады.
Екінші мәселе – еріксіз неке, оның түп-тамыры психологиялық жетілмеуде, жасөспірімдердің әсіресе өрімдей жас қыздардың әлеуметтік қорғансыздығында жатыр. Соңғы кездері әйелдерге қатысты тағы бір зорлық қосылды. Ол – қыз алып қашу. Кәмелетке толмаған қыздарды қалыңдық қылып, алып қашу – еріксіз некенің бір түрі.
Әлеуметтік жағымсыз жайттардың орын алу себебі – қоғамдағы гендерлік стереотиптің болуы, ерлердің билігі мен бәрін бақылауда ұстауға ұмтылуы, сондай-ақ қоғамды гендерлік ақпараттандыру деңгейінің жеткіліксіздігі. Осыған орай, гендерлік мәдениет пен гендерлік қоғамдық сананың қалыптасуы үшін ең алдымен ақпараттандыру жұмыстары мен ақпараттық бағдарламадан бастау керек. Әсіресе ауылды елдімекендерден бастау керек. Бұл мақсатта бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдардың рөлі маңызды.
Отбасы – кез келген халықтың тамыры, қоғамның ұйытқысы. Бала туу мен тәрбиелеу сияқты маңызды әлеуметтік қызмет атқарады. Отбасы – жеке тұлғаның қалыптасуына ұйытқы болады, мұнда Отанға деген сүйіспеншілік, еңбексүйгіштік, үлкенге құрмет пен басқа да адами құндылықтар дәріптеледі.
Кездесуді Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы А.Ералықызы ашып беріп, көпке үлгі көрсетіп, жан- жақты даму үстіндегі Сауран аудандық «Ақ кимешекті әжелер» алқасының төрайымы Полатова Райхан анамыздың өмір жолы мен еңбек жолын таныстырып, жеткен жетістіктерін жастарға үлгі ретінде көрсетті.
Полатова Райхан, 1964 жылы 11 тамызда Үшқайық ауылдық округі, Теке ауылында дүниеге келген. 1981жылы А.Үсенов мектебін бітіріп, сол жылы Бішкек колледжіне мал дәрігерлік мамандығына оқуға түскен. Оқудан кейін Бішкек қаласында мамандық бойынша 1 жыл қызмет атқарып 1985 жылы жолдасы Манашов Бекжігітпен отау құрады. 2ұл-2қыз өсіріп тәрбиелеп , ұлды ұяға, қызды қияға қондырып 10 немере көріп, бойларына қазақи құндылықтарымызды сіңіріп ұрпақ тәрбиесіне де үлес қосып жүр. Ұлы Мұрат Наурызбай елбасымыз Н.Назарбаевтың өз қолынан марапат алса, тұңғыш немересі Әбдіманап Абай мен Мұқағали сынды ақындарымыздың өлеңдерін жатқа оқып, Республикалық жарыстарда топ жарып жүлдегер атанып жүр. Тұрмыста жүріп колхозда 5 жыл еңбек еткен. 1990-1997 жылдар аралығында «Жұлдыз» бала-бақшасында аспазшы болып жұмыс атқарған. 1997 жылы «Береке» кооперативінде 4жыл еңбектеніп, 2001 жылдан бері қарай жеке кәсіпкер ретінде 10 шақты отбасын жұмыспен қамтып отыр. 2017 жылы «Асыл Қазына» әжелер тобын құрды, 2023-2024жылдар Шорнақ ауылдық әжелер төрайымы, Сауран аудандық әжелер төрайымының орынбасары қызметін атқарып келе жатыр. 2020 жылы «Қазақстанның асыл аналары» кітабына еніп, «Асыл Ана» төсбелгісімен марапатталған. 2023жылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасының облыстық кезеңінің жүлдегері болып, 2024 жылы Түркістан облысы әкімі Д.Сатыбалдының алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, аудан-ауыл әкімдерінің көптеген алғыс хаттарының иегері.
Райхан анамыз өзінің ақыл кеңестерін айтып, жастарға күш-жігер беретін тәрбиелік мағынасы зор, рухани әңгімелерімен бөлісті. Анамыз ауылдың алты ауызын жанды дауыспен айтып жастарға тамаша көңіл күй сыйлады.
Кездесу соңында ел болашағынан үміт күтетін жастарға өзінің ақ батасын берді. Райхан анамыздың Әжелер алқасының дамуына өз үлесін қосып, елімізге беделді аналардың қатарынан көрінуіне тілекшіміз!

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика