Шымкент қаласында ағымдағы жылы 1 млн дана біржылдық гүл егу жоспарланып отыр. Бүгінде қаланың орталық көшелері, айналма жол, жол бұрылыстары және вазондарда гүл отырғызу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Атап айтқанда, Бәйдібек би және Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысында орналасқан «Хан қорғанына» 45 мың дана сальвия және антирринум біржылдық гүлі егіледі. Гүлдер композициясы казақи нақыштағы ою-өрнек пішінінде көмкеріледі.
Ал, Еңбекші ауданында орналасқан №1 автожол бойындағы айналма жолға петуния, тагетес, катарантус сияқты жалпы саны 48 мың біржылдық гүл отырғызылады. Қаланың көрнекті орындарының бірі — Кабанбай батыр даңғылы мен Анаров көшесінің қиылысы, теміржол вокзалы тұсындағы айналма жол маңында да көріктендіру жұмысы жүргізілуде. Бұл аумақ шафран, сальвия және целозия секілді біржылдық гүлдермен толығып жатыр.
Гүлдер арнайы ұңғыма арқылы суарылады. Бүгінде қарқынды жүргізіліп жатқан көріктендіру жұмысына мердігер мекемелердің арнайы агроном мамандары мен техникалары жұмылдырылған.
Еске салаларлық, «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясы «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында №9, 65, 89, 90, 135 және тағы басқа білім беру мекемелерінде ағаштар отырғызылды. Іс-шараға мегаполистегі барлық білім беру мекемелері жасыл желектер мен гүл отырғызып, соны баптауға ниетті барлық мектеп оқушылары белсенді қатысты. Сондай-ақ, іс-шараға «Экология, өлкетану және туризм орталығы» мекемесінің өкілдері белсенді қатысты. Айта кетейік, отырғызылған ағаштарды бақылау әрі күту толығымен білім беру мекемелеріне жүктеледі. Жыл бойы ол ағаштарға күтім жасалынады. Ағаштарды суғару, тыңайтқыш пен магистральдық шеңберлерді аэрациялаумен қамтамасыз етеді. Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелген еді. Осыған орай елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Науқан 5 аптаға созылады. Айта кететін жайт әр аптаның тақырыбы және мақсаты айқындалған.